Азық-түлік келісім шарт корпорациясы астық нарығы бойынша оператор мәртебесіне ие. Яғни, астық нарығында бағаны тұрақтандыру, бидайдың резервтік қорын құру және басқару сияқты міндеттемелерді жүзеге асыра отырып, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету функциясын атқарады.
Корпорация астық нарығын тұрақтандыруға қатысып келеді. Қалайша? Төмен баға қалыптасқан кезде фермерлерден астық өнімін барынша жоғары бағаға сатып алады. Нарықта өнімнің бағасы шарықтап тұрған кезде қордағы астықты ұн тартатын кәсіпорындарға, мал және құс шаруашылықтарына төмендетілген бағамен сатады.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Азық-түлік келісім шарт корпорациясының нарықтағы рөлін күшейтіліп, ұлттық компанияның қызметі қайта форматталуы тиіс делінген еді. Осыған байланысты, компанияның даму жоспарына тиісті өзгерістер енгізілді, құжат қазір жан-жақты талқыланып жатыр.
Маңызды өзгеріс ретінде Азық-түлік корпорациясына Бірыңғай экспорттық саясатты жүргізу мәртебесін беру ұсынылды. Оның негізгі мақсаты елдегі диқандардың 80% құрайтын шағын және орта шаруашылықтар үшін экспортқа жол ашу.
Өйткені нарық қатысушысы ретінде олар ұтылып жатыр. Трейдерлерге өнімді арзан бағамен сатуға мәжбүр. Олар ұсынған баға астықтың өзіндік құнынан да төмен болатынын ескеру керек. Егер осылай жалғаса берсе, отандық фермерлер банкротқа ұшырап, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.
Шағын және орта фермерлердің экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігі жоқ. Оларды қолдау үшін Азық-түлік корпорациясы қажет болған жағдайда фермерлердің астығын сатып алады немесе экспорттайды. Басқаша айтсақ, азық-түлік корпорациясының мүмкіндіктерін (инфрақұрылым, өнімді өткізу жолдары, шетелдік және облыстық өкілдіктер) ұсына отырып, фермерлердің астығын сатып алушыларды іздейді.
Ұлттық компания осылайша біртіндеп ірі ойыншыға айнала алады. Бірақ, бұл бір күндік жұмыс емес. Азық-түлік корпорациясы астық экспортын біртіндеп арттырады, және оның негізгі бөлігі фермерлердің астығы болады.
Нақты айтар болсақ, Азық-түлік корпорациясы үйлестірілген іс-қимылдар ұсынады. Ол шетелдік мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізу, өнімді брендтеу, ірі партияларды қалыптастыру және шетелдік стандарттарға сәйкес келетін тауардың жүйелі түрде жеткізілуін қамтамасыз ету және т.б.
Мәселен, бүгінгі таңда Қытай нарығы өте тартымды. Бірақ импортты бір компания реттеп отырған соң, шаруалар бұл нарыққа қол жеткізе алмайды. Осыны ескерген Азық-түлік корпорациясы отандық фермерлер үшін Қытай нарығына шығуға көмектесуге дайын. Бұл астықтың әділ экспорттық бағасын қалыптастыру, бірыңғай стандарттар мен талаптарды қамтамасыз ету сияқты қызметтен бұрын, трейдерлер тарапынан экспорттық нарықтағы бағаның демпингін шектеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, өткен жылы Азық-түлік корпорациясы қытайлық компаниямен бидайды тиімді бағамен жеткізу бойынша келісімге отырды. Алайда, қытайлық серіктестер қазақстандық трейдерлер тарапынан болған демпингке байланысты бидай сатып алуды тоқтатты.
Осылайша, тиімді стратегия мен бірыңғай экспорттық саясат нарықтың тұрақтылығына алып келетін еді. Нәтижесінде экспорттық бағалар астық нарығының барлық қатысушылары үшін тиімді болады.
Азық-түлік корпорациясы Канада, ҚХР және т.б. сияқты жетекші елдердің тәжірибесін басшылыққа алады. Бұл елдер отандық агроөнеркәсіптік кешеннің қалыптасу кезеңінде нарықтық тетіктер арқылы сауданы реттейді. Жоспар бойынша еліміздің ауыл шаруашылығы аяққа тұрып кеткен соң, Азық-түлік корпорациясы нарықтық қатынастар арқылы нарықтың дербес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Осылайша, азық-түлік корпорациясы нарықтың барлық қатысушыларына тиімді болатын бірыңғай экспорттық саясатты қалыптастырады. Және экспорттан түсетін кірісті форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы фермерлерді қолдауға бағыттайды.