ҚР Үкіметі отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту жөніндегі шаралар туралы хабарлады.
Министр атап өткендей, Мемлекет басшысы ведомствоның алдына бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру міндетін қойды.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ағымдағы жылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары шеңберінде аграрлық секторда өткен жылмен салыстырғанда 11,6% деңгейінде өсу қамтамасыз етілуі тиіс.
«Жалпы, ағымдағы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,4% -ға артып, 1,6 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,5% (1,5 трлн. теңге), өсімдік шаруашылығы – 103% (83 млрд. теңге) құрады.
Жоспарланған көрсеткішке 11,6% деңгейінде қол жеткізу астық жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қамтамасыз етіледі», – деді ведомство басшысы.
Ағымдағы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн. га құрағаны атап өтілді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша жоспарлар орындалды.
«Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқартылды, ал майлы дақылдар алқабы 608 мың гектарға, қант қызылшасы алқабы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды.
Суармалы дақылдар: күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарды. Жаздың қолайлы ауа райы жағдайында себуге сапалы дайындық жақсы астыққа сенуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Спикер Үкімет егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық мәселелерін шешкенін атап өтті.
Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі алғаш рет «таза» жылдық 5% -бен 580 млрд. теңгеге дейін жеткізілді, өткен жылдары ол 180 млрд. теңгеден аспаған еді.
Қазіргі уақытта 406 млрд. теңге игерілді, қалған 174 млрд. теңгені облыс әкімдіктері жақын арада игеретін болады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Аграрлық несие корпорациясы арқылы ӘКК-ні қорландыру есебінен жеңілдікпен қаржыландыру арналары кеңейтілді. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары белсенді жұмыс жүргізуде.
Тыңайтқыштар енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Осылайша, егер өткен жылы бүкіл кезеңде 679 мың тонна енгізілген болса, бүгінгі күні ғана 1,5 млн. тонна жоспармен 1,1 млн. тонна сатып алынды.
Аграршылар 2,4 млн. тонна көлемінде қажетті тұқыммен қамтамасыз етілді, бұл ретте элиталық тұқымдардың үлесі ағымдағы жылы 7,1% -дан 9% -ға дейін өсті.
Литріне 376 теңгеден 250 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15% төмен.