Қазақстан Өзбекстанмен және Орталық Азияның басқа да елдерімен сыртқы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздейді. Бұл туралы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаев Asia Grains&Oils Conference in Tashkent 2025 халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, Өзбекстан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі импорттаушыларының бірі болып табылады.
Қазақстанның ішкі нарығында, әлем бойынша байқалып отырғандай, егіс алқаптарын қайта бөлу үрдісі байқалады: ылғал көп қажет ететін дақылдардың көлемі азайып, майлы, бұршақ тұқымдас және мал азықтық дақылдардың үлесі артуда. Өндірісті әртараптандыру АӨК дамытудың 2030 жылға дейінгі басымдықтарының бірі болып айқындалды. Мемлекеттік бағдарлама күнбағыс, рапс, майлы зығыр, мақсары, жасымық және жем-шөп дақылдарының пайдасына монодақылға (бидайға) тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Биыл Қазақстан Өзбекстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне майлы дақылдарды, атап айтқанда күнбағысты жеткізуді едәуір арттырды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өз тарапынан отандық агроөндірушілермен және қайта өңдеушілермен бірлесіп өңірлік нарықты қамтамасыз ету бойынша әлеуетке ие.
Конференцияға қатысушылар Ақмола, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында іске қосылған астықты терең өңдеу жобаларына қызығушылық танытты. Корпорация өз тарапынан іскер топтарды хабардар етті және осындай бастамаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
«Биыл астық өнімі бойынша қолайлы болжамдарды ескере отырып, Қазақстан экспорттық әлеуетті нығайтуды, нарықтар географиясы мен әріптестік байланыстарды кеңейтуді жалғастырады», – деп атап өтті Азық-түлік корпорациясының өкілі.
Бұл тұрғыда ұлттық астық операторы маңызды рөл атқарады. 2024-2025 жылдардағы маусымда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы шетелге 360 мың тонна астық өнімін және трейдерлер арқылы тағы 453,3 мың тоннаны өз бетінше жіберіп, бидайдың ірі отандық экспорттаушыларының біріне айналды. Нәтижесінде жалпы республикалық астық экспортындағы компанияның үлесі 8,9%-ға жетті. 2025 жылдың 8 айында Қазақстан елден тыс жерлерге дәстүрлі өткізу нарықтарына (Орталық Азия елдері, Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран) және жаңа бағыттарға шамамен 12,8 млн тонна астық жеткізді.
Конференция жұмысына Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA), Ресей және Қытай корпорацияларының, салалық қауымдастықтардың, сондай-ақ жеке сектордың өкілдері қатысты.

