Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің директоры Нурмахмад Ахмадзодамен кездесті. Тараптар азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды және АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады.
Кездесуге «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қатысты.
Келіссөздердің басты тақырыбы астық экспортын ұлғайту мәселесі болды. Тәжікстан қазақстандық астық үшін дәстүрлі өткізу нарығы болып табылады. ҚТЖ деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстан Тәжікстанға шамамен 1,3 млн тонна астық, оның ішінде 633 мың тонна жаңа егін экспорттады.
Екі елдің өкілдері сондай-ақ Тәжікстан аумағында астық қоймасын қалпына келтіру және оның базасында майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын бірлескен қазақстандық-тәжік кәсіпорнын құру мүмкіндігін қарастырды.
Тәжікстан нарығына астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы серіктестерге Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторына инвестиция салуды ұсынды. Осылайша, отандық аграршылар сатып алушының сұранысы бойынша астық өнімдерін қажетті көлемде өсіре алады.
Аталған бастамаларды іске асыру сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және Орталық Азия өңірінің азық-түлік тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.