Қазақстандық бидай тиелген алғашқы құрам Армения Республикасына келді. Жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық 15 вагоннан тұратын пойыз Қазақстаннан Ресей, Әзірбайжан және Грузия арқылы транзитпен жаңа логистикалық бағдарды сәтті сынады. Болашақта бұл транзиттік дәліз Ереван бағытында қазақстандық астық пен басқа да жүктерді жеткізудің тұрақты арнасына айналуы мүмкін.
Айрум станциясында жылжымалы құрамды Қазақстан Республикасының Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі Болат Иманбаев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Тобылбек Омаров, Армения Республикасының аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатян, сондай-ақ Армения экономика министрінің орынбасары Арман Ходжаян қарсы алды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Тобылбек Омаровтың айтуынша, қазақстандық астықты Арменияға жеткізу азық-түлік дипломатиясының үлгісі болып табылады.
«Бұл оқиға тек экономикалық қана емес, сонымен қатар тарихи маңызы бар, өйткені ол тікелей транзит пен өзара сауданы дамыту үшін перспективалық мүмкіндіктер ашады. Қазақстандық астық экспорты арқылы біз ынтымақтастықтың жаңа көпірлерін құрып, тату көршілік қатынастарды қалпына келтіруге, сондай-ақ өңір елдері арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеміз», – деп атап өтті Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілі.
Тобылбек Омаров сондай-ақ Қазақстанның ұлттық астық операторы армян тұтынушыларына ай сайын шамамен 15-20 мың тонна азық-түлік астығын жеткізуге дайын екенін қосты.
Қазан айында Қазақстанның ұлттық астық операторы армян тұтынушыларына астық жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы шарт жасасты. Пилоттық партия 4-сыныпты азықтық бидайдан тұрады, оны жалпы мақсаттағы ұн мен құрама жем өндіру үшін де қолдануға болады.
Бұл ретте Қазақстан қатты бидайды (дурум) және ақуызы жоғары бидайды (hi-pro) қоса алғанда, әр түрлі сыныптағы астықты экспорттауға мүмкіндігі бар. Қазақстандық бидай дәстүрлі түрде сапасы мен тамаша нан пісіру қасиеттері үшін жоғары бағаланады. Көптеген серіктес елдерде оны ұнтақтау партияларын жақсартушы ретінде жиі қолданады, бұл дәнді шетелдік өңдеушілер арасында сұранысқа ие етіп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Астық экспортын қолдаудың мемлекеттік шаралары өзара тиімді шарттармен жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазақстандық бидайды шетелге – Орталық Азия, Закавказье (Әзірбайжан, Грузия), Таяу Шығыс (Иран), Солтүстік Африка (Алжир, Марокко) және Оңтүстік-Шығыс Азия (Вьетнам) елдеріне, сондай-ақ Қытайға белсенді экспорттайды.
Қазір ұлттық астық операторы қазақстандық бидайды тұрақты жеткізуге мүдделі жаңа армян серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Болашақта Ереван бағытында астық жөнелту көлемі ұлғаюы мүмкін.
Анықтама үшін:
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның астық нарығындағы ұлттық оператор. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін және астықтың ішкі нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетеді, агроөнімді экспортқа жеткізумен айналысады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асырады. Жалғыз акционер – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

