2023 жылдың қорытындысы бойынша «Ақ Бидай – Терминал» АҚ астық терминалы арқылы Иран Ислам Республикасы бағытына 126 мың тоннаға жуық астық жөнелтілді. Оның ішінде:
– Бидай: 15 779 тонна;
– Арпа: 106 714 тонна;
– Жүгері: 3 348 тонна.
2024 жылы астық терминалының жұмысы штаттық режимде жалғасуда. Қазіргі уақытта жүк жөнелтушілерден астық қабылдау жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың қаңтар айында 18 800 тонна астықты жөнелтуге келісім жасалған. Ал астық терминалының биылғы жылға бекітілген жоспары – 400 000 тоннаға тең.
«Ақ Бидай – Терминал» АҚ астық терминалы Қазақстан Республикасындағы Ақтау теңіз портында Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан.
Терминал Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 маусымдағы № 889 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Агроазық-түлік бағдарламасын» іске асыру шеңберінде құрылды, ол қазақстандық астық экспортын, ең алдымен Кавказ өңірі мен Таяу Шығыс елдеріне тұрақтандыруға және кеңейтуге бағытталған.
2007 жылы кәсіпорын жаңғыртылды. Терминалға әлемнің жетекші компаниялары өндіретін жоғары технологиялық жабдықтар алынды, бұл терминалдың өткізу қабілетін жылына 600 мың тонна астыққа дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Терминалда жалпы көлемі 22,5 мың тонна астықты уақытша сақтауға арналған 11 сүрлем бар. Терминалдың ауыстырып тиеу жөніндегі көлік коммуникацияларының өндірістік қуаты сағатына 350 тоннаға дейін астықты құрайды, бұл теміржол вагондарынан тәулігіне 3 мың тоннаға дейін астықты қабылдауға, ал теңіз кемелеріне тәулігіне 4 мың тоннаға дейін астықты жөнелтуге мүмкіндік береді.
Терминал тәулік бойы жұмыс істейді, белсенді желдету жүйесімен, жоғары дәлдіктегі электронды таразылармен және қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін барлық технологиялық циклды басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған.