Шығыс Қазақстан облысының Altyn Shygys өңдеу зауыты Қытайға күнбағыс майының екінші партиясын жіберді. Экспорттық жөнелту Sinograin компаниясының мемлекеттік компаниясының тапсырысы бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ және CITIC Construction Co.Ltd. қытайлық холдингі арасындағы уағдаластықтардың жалғасында өтті. Маусым айының соңында кәсіпорын 1000 тонна өнім жіберді, осы аптада ҚХР-на қосымша 2000 тонна тазартылмаған күнбағыс майы экспортталды.
Қытай нарығы қазақстандық тамақ өнімдерін ілгерілетудің басты бағыттарының бірі болып қала береді. Соңғы үш жыл ішінде осы елге отандық өндірістегі дәнді және күнбағыс майын жеткізу тұрақты өсуде. Сонымен қатар, тұрақты үрдіс байқалады: кәсіпорындар қосылған құны бар қайта өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға тырысады. Өткен жылмен салыстырғанда өсімдік майын экспортқа жөнелту 41%-ға өсті. Бұл ретте Қытай қазақстандық өндірістегі күнбағыс майын сатып алу көлемі бойынша көш бастап тұр. 2025 жылдың басынан бастап қытайлық тұтынушылар тарапынан қазақстандық жемдік ұнға белсенді сұраныс байқалды. Ағымдағы маркетингтік маусымда Қазақстан көрші елге 1,4 млн тоннадан астам жемдік ұн жіберіп, экспорт көлемін екі есеге арттырды. Сарапшылардың болжамынша, осы маусымда ҚХР-на жемдік ұн жеткізу 1,85 млн тоннаға жетуі мүмкін.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев атап өткендей, күнбағыс майы мен басқа да агроөнімдердің экспорты қазақстандық өңдеушілер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің азық-түлік жеткізу географиясын кеңейту жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Ұлттық оператор қолдау бағдарламаларын іске қосу арқылы агробизнеске жәрдем көрсетеді. Осындай тетіктердің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру жобасы, оның шеңберінде астық, күнбағыс майы мен жемдік ұнды шетелге жөнелту жүзеге асырылады. Соңғы бір жарым жыл ішінде аграршылар Азық-түлік келісімшарт корпорациясының көмегімен Орталық Азия мен Қытайға 23,9 млн доллардан астам жалпы сомаға астық, майлы дақылдар, күнбағыс майы мен жемдік ұнды жеткізуге 9 экспорттық келісімшарт жасасты.
«Қытай жыл сайын өсімдік майының үлкен көлемін импорттайды және бұл – отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін перспективалы бағыт. Тұрақты сұраныс, өсіп келе жатқан тұтыну және отандық агроөнімнің жоғары сапасы Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал етеді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайдың мемлекеттік холдингтерімен ұзақ мерзімді серіктестік байланыстарды қолдайды. Біздің міндетіміз – отандық өндірушілерге сыртқы нарықтарға шығуға және өздерінің экспорттық әлеуетін толық көлемде іске асыруға көмектесетін тұрақты платформа құру», – деді Асылхан Джувашев.
Сондай-ақ, ол дайын өнім экспортын ұлғайту және қайта өңдеуді дамыту экономиканы әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес келетінін қосты.
«Өңделген және экспортталған өнімнің әрбір тоннасы елдің және агроөнеркәсіптік кешеннің экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді. Биыл корпорация ауыл шаруашылығы өндірушілерінен майлы дақылдарды форвардтық сатып алу көлемін ұлғайтты. Бүгінде фермерлермен алдын ала төленген шарттармен 41,5 мың тонна күнбағыс, майлы зығыр және рапс жеткізуге келісімшарттар жасалды, бұл 2024 жылдың көлемінен екі есе артық. Мұндай қолдау фермерлерді жоғары тиімді дақылдар өндірісін ұлғайтуға ынталандырады және ел ішінде қайта өңдеу зауыттарын жүктеуді қамтамасыз етеді», – деп қорытындылады корпорация басшысы.

