Астық тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу қағидаларынның, сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның астық тасымалдауға байланысты шығыстарын субсидиялау қағидаларының қолданылу мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. ҚР ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 6 наурыздағы бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қолдау шаралары астық секторындағы логистиканың тиімділігін арттыруға, нарыққа қатысушыларға қаржылық жүктемені азайтуға және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ынталандыруға бағытталған.
Бұған дейін, 2025 жылғы 25 шілдеде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы көзделген бюджет қаражатының лимитіне қол жеткізуге байланысты астық жөнелтушілердің шығындарын өтеуге өтінімдерді қабылдауды тоқтата тұру туралы хабарлады.
Уәкілетті мемлекеттік органдар қосымша қаржыландыру бөлу туралы шешім қабылдаған жағдайда, ұлттық астық операторы экспорттаушылар мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінімдерді қабылдауды қайта бастайды. Өтініштерді қабылдауды тоқтата тұру туралы хабарландырудан кейін келіп түскен барлық өтінімдер тең қол жеткізу және субсидиялау процесінің ашықтығы қағидатын сақтай отырып, кезектілік тәртібімен, жалпы негіздерде тіркеліп, қаралатын болады.
Өтінімдерді қабылдау қайта басталған жағдайда, сондай-ақ кез келген басқа өзгерістер туралы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы нарыққа қатысушыларды уақтылы хабардар етеді.
2025 жылғы 5 қыркүйектегі жағдай бойынша оператор астық жөнелтушілерге 442,9 мың тонна бидайды алыс шетел нарықтарына тасымалдағаны үшін өтемақы ретінде 9,8 млрд теңге аударды. Корпорация атына барлығы 1,2 млн тоннадан астам астықты тасымалдағаны үшін шығыстарды өтеуге өтініштер келіп түсті.
Бидайды тасымалдауды ішінара субсидиялау Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына, Латвияға, Литваға, Эстонияға транзиттік маршруттар бойынша жүргізіледі. Мемлекеттен төлемдерді Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне транзитпен астық жіберетін жеткізушілер де алады.
Өтемақы мөлшері экспорт бағытына байланысты бір тонна астық үшін 20-дан 30 мың теңгеге дейін ауытқиды. Шара қазақстандық бидайдың Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Азия елдерін қоса алғанда, жаһандық сауда алаңдарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

