Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін үшжақты форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша шығарылған күнбағыс майының екінші партиясын жіберді. Дайын тауарды сатып алушы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ болды. ӘКК тұрақтандыру қорына барлығы 9,1 млн теңгеге 20,8 мың литр тазартылған күнбағыс майы жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың наурыз айында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы күнбағыс өсіруге маманданған агроөндірушілерді үшжақты форвард шарттарында қаржыландырды. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, егін жинағаннан кейін ауыл шаруашылығы өндірушілері күнбағысты май зауытына өңдеуге жібереді, содан кейін зауыт Азық-түлік келісімшарт корпорациясына дайын өнімді жеткізеді.
2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында «OskemenAgroProdukt» май зауыты Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 83,2 мың литр тазартылған күнбағыс майын жеткізеді. 41,6 мың литр көлеміндегі дайын өнімнің бірінші партиясы ақпан айында «KOKSHE» ӘКК» АҚ-на жөнелтілді.
Қазіргі уақытта ұлттық астық операторы 2025 жылғы маусымның көктемгі дала жұмыстарын форвардтық қаржыландыруға өтінімдер қабылдауда. Бағдарламаға күнбағыс, майлы зығыр және рапс сияқты дәнді дақылдар өндірушілері қатыса алады. Биыл өтінімдерді іріктеу және аграршыларға қаражат бөлу кезінде майлы дақылдарды өсіруге кредит беру лимиттері ұлғайтылады.