«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев 3-4 ақпанда Алматыда өтіп жатқан Kazakh Grain&Logistic Forum халықаралық конференциясында сөз сөйлеп, 2025/2026 аграрлық маусымының ерекшеліктерін және Қазақстанның астық нарығын дамытудың басым бағыттарын белгіледі.
2025 жылы Қазақстан дәнді, сондай-ақ майлы және бұршақ дақылдарын жинау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұған АӨК мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары да ықпал етті. 2024-2025 жылдары фермерлерге жеңілдетілген кредит беруге 1,5 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды, бұл саланың тұрақты дамуына жағдай жасады.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ұлттық астық нарығының операторы ретінде азық-түлік қауіпсіздігіне назар аударады, фермерлерге қаржылық қолдау көрсетеді, сонымен қатар астық нарығында тұрақтандырушы рөл атқарады. Қолдаудың негізгі құралдарының бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламалары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша форвардтық қаржыландыру тетігін еліміздің астық егетін өңірлерінен 204 агроқұрылым пайдаланды. Бұл мақсаттарға 30 млрд теңге бөлінді.
2025 жылдың желтоқсанында корпорация көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауды бастады. Бүгінде алдын ала төлем шарттарымен 142 мың тонна астық жеткізуге шарттар жасалды. Бұдан басқа, 2026 жылғы бағдарламалар шеңберінде майлы дақылдар өндірісін қаржыландыру және жүгері сатып алу лимиттері ұлғайтылды.
Конференцияда Асылхан Джувашев соңғы бірнеше жылда өсімдік майлары мен тағамдық ақуызға сұраныстың артуы аясында майлы дақылдарды өндіру мен өңдеуді кеңейту үрдісі байқалғанын атап өтті. Қазақстан әлемдік конъюнктураның өзгерістері мен сын-тегеуріндерге, оның ішінде егіс алқаптарын әртараптандыру есебінен уақтылы ден қояды.
«Ағымдағы аграрлық маусым әлемдік астық нарығына тән жаңа ерекшеліктерді көрсетеді. Рекордтық өнімділіктің, саудадағы құрылымдық өзгерістердің, қайта өңдеу рөлінің күшеюінің және логистикадан бастап геосаясат пен климаттық факторларға дейінгі белгісіздіктің бір мезгілде өсуінің үйлесімі», – деді корпорация басшысы.
Осыған орай, Еуразиялық астық кеңістігінің жүйелі ойыншыларының бірі ретінде Қазақстан үшін сын-тегеуріндер ғана емес, қосымша мүмкіндіктер де ашылуда. Ең алдымен, экспорт, нарықтарды әртараптандыру және терең өңдеуді дамыту мәселелерінде.
Өткен жылы көлік шығындарын өтеу бағдарламасының арқасында астық экспорты 13 млн тоннадан асты. Қазақстандық бидайды жеткізу Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, соның ішінде Вьетнамға алғашқы жөнелтілімдерді қоса алғанда жүзеге асырылды. Экспорттаушылар мен астық өндірушілерге төленетін төлемдердің жиынтық көлемі 30 млрд теңгеден асты, бұл көлік шығындарын 1,7 млн тоннадан астам бидайға өтеуге мүмкіндік берді.
2026 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы логистикалық бағыттарды кеңейту және халықаралық әріптестікті дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады.

