Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2024-2025 маркетинг жылының қорытындысы бойынша дәнді дақылдардың рекордтық көлемін өткізді – 1,3 млн тонна. Бұл – өткен маусымнан төрт есе көп және соңғы он жылдағы ең жоғары нәтиже.
Жеткізу корпорацияның серіктестеріне тікелей де, сондай-ақ фермерлердің сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдететін агроөнімдердің экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасы шеңберінде трейдерлер арқылы да жүзеге асырылды. Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің ұлттық басымдықтарының бірі болғандықтан, Азық-түлік корпорациясы бірінші кезекте отандық ұн тартатын кәсіпорындарды, мал және құс шаруашылықтарын, сондай-ақ өңдеу зауыттарын астықпен қамтамасыз етті. Ішкі нарыққа барлығы 425 мың тонна астық жіберілді.
Сонымен қатар, экспортты мемлекеттік қолдау астық өндірушілер үшін нақты мүмкіндіктер терезесіне айналды, соның арқасында Қазақстан 2025 жылы шетелдік сатып алушыларға өсірілген астықтың жартысынан астамын жіберді. Бұл ретте олардың 90%-ын бидай алды.
ҚТЖ деректері бойынша, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың тамызына дейін аграршылар астық баламасындағы ұнды ескерсек, экспортқа 13,2 млн тонна астық жөнелтті. Азық-түлік корпорациясының астық экспортының республикалық көлеміндегі үлесі 8,9% құрады, бұл компанияның жаһандық нарықтағы стратегиялық ұлттық өнім беруші ретіндегі мәртебесін растайды. Дәнді дақылдардың ең көп жеткізілімі – 143 мың тоннадан астам жаңа экспорттық бағыттарға – Вьетнамға, Мароккоға, Алжирге және Мысырға жөнелтілді. Иранға, Әзірбайжанға және Грузияға астық жөнелтілімдері 62 мың тоннаны құрады, осылайша Қазақстан осы нарықтарда өзінің қатысуын қайтарды.
Жалпы, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы маусым ішінде астықты әлемнің 12 еліне экспорттады. Агроөнімдердің дәстүрлі тұтынушылары Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Қытай болды. Негізгі экспорттық өнім 3-сыныпты азық-түлік бидайы болды.
Бүгінде ұлттық оператор күрделі мультимодалды маршруттарды игере отырып, қазақстандық бидайға алыс экспорттық алаңдарға жол салуда. Жеткізу, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан және Грузия арқылы жаңа көлік дәлізі бойынша жүзеге асырылады, бұл астықтың сынақ партиясын Арменияға алғаш рет жіберуге мүмкіндік берді.
Экспорттық маршруттардың кеңеюі айтарлықтай мультипликативті әсер береді. Көлік субсидияларының енгізілуімен астық экспортының тиімділігі мен бидайдың ішкі нарықтағы құны артты, ал Қара және Балтық теңіздерінің порттарына қолжетімділік жеткізілімдерді әртараптандыруды қамтамасыз етті және Қазақстанның сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтты.
Жаңа маусымда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына шығып, қол жеткізілген экспорт көлемін сақтап қалуды жоспарлап отыр. Астықтың әлемдік алаңдарға тұрақты жөнелтілуін қамтамасыз ету үшін ұлттық оператор салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп егін шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды реттейтін екіжақты фитосанитариялық келісімдерге қол қоюды пысықтауда.
Сонымен қатар, мемлекет Оңтүстік-Шығыс Азия бағытындағы көлік дәліздерін, сондай-ақ Үнді мұхитына шығатын Иран порттары арқылы өтетін маршруттарды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде қазақстандық астық өндірушілер мен экспорттаушылар қосымша логистикалық мүмкіндіктерге ие болады және азық-түлік астығы дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие Таяу Шығыс пен Азия нарықтарында агроөнімдерді ұсына алады.

