«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Ильдар Исмагулов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық үкіметтік делегация құрамында Кабул қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында тараптар сауда-экономика, аграрлық және өзге де салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан Ауғанстанмен тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды жоспарлауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін, жанар-жағармай материалдарын, минералды тыңайтқыштар мен химия өнеркәсібі өнімдерін жеткізуді арттыруға дайын. Сонымен қатар, Қазақстан нарығына ауған өндірісінің жаңа және кептірілген жемістері, минералды суы мен тәтті сусындарын жеткізуді кеңейту мәселелері жеке қаралды.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігін дәстүрлі түрде бидай және бидай ұны құрайды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйек айынан 2025 жылдың маусым айына дейін Ауғанстанға жаңа өнімнің жеткізілім көлемі 309 мың тоннаны құрады. Өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға артқан. Бұдан бөлек, маркетингтік маусымның алғашқы жартыжылдығында Қазақстаннан күнбағыс майының экспорты 60%-ға өсіп, 17 млн АҚШ долларынан асты.

