Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша жаңа егіннің астығын қабылдауды жалғастыруда. 2025 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша аграршылар 88,6 мың тонна астықты қайтару бойынша өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындады. Бұл ретте жеткізу құрылымында 3-сыныпты бидай басым.
Агроөнімдердің негізгі жеткізушілері еліміздің үш астық егетін өңірі болып табылады. Қостанай облысының фермерлері Азық-түлік келісімшарт корпорациясының астық қабылдау пункттеріне 29,2 мың тонна жаңа өнім, Ақмола облысы – 29,1 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы – 26,8 мың тонна астық жөнелтті.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін форвардтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша барлығы 346,2 мың тонна дәнді және майлы дақылдарға келісімшарт жасалды. Егін жинап, ауылшаруашылық өнімдерін Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына жеткізгеннен кейін шаруа қожалықтары астық үшін бағдарламада қарастырылған қосымша ақы ала алады.
Форвардтық келісімшарттардың талаптары бойынша жаңа егіннің бидайы мен арпасын жеткізу мерзімі – 2025 жылғы 1 қарашадан кешіктірмей.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы астық өндірушілер үшін сатып алу бағасын жариялап, жаңа егінді қабылдауды бастады. 3-сыныпты бидайдың құны сапасына қарай тоннасына 90-нан 115 мың теңгеге дейін, 4-сыныпты бидайға – 80-82 мың теңге, 5-сыныпты бидайға – 70 мың теңге шегінде белгіленді. Ұсынылған бағалар өткен жылғы деңгейден тоннасына орта есеппен 20 мың теңгеге асады.
Егін жинау науқаны аяқталу сатысында тұрғанын және дәнді дақылдарға әділ сатып алу бағасы белгіленгенін ескере отырып, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы нарықтың барлық қатысушыларын ұлттық оператор алдындағы өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға шақырады. Бұл астық нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өндірушілер мен қайта өңдеушілердің мүдделерінің теңгерімін қолдауға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының бағдарламаларына одан әрі қатысуға астық операторын қаржыландырудың барлық құралдары бойынша қолданыстағы немесе ұзартылған міндеттемелері жоқ фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындары ғана жіберіледі.

