«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ және қытайлық Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express Co.Ltd. компаниясы логистика және агроөнім экспорты саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы уағдаласты. Келісімге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының Қытайға сапары шеңберінде қол қойылды.
Бұған дейін, 2025 жылдың бірінші жартысында ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасы шеңберінде қазақстандық өндірістегі жемдік ұнды жеткізуге қытайлық әріптестермен екі келісімшарт жасасқан болатын. Нәтижесінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы көрші елге 1,6 мың тонна жемдік бидай ұнының пилоттық партиясын жіберді. Екінші шарт жақын арада экспортқа шығатын тағы 70 мың тонна ұқсас өнімді жөнелтуді көздейді.
Жаңа меморандумға қол қою қазірдің өзінде басталған ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды және Қытай нарығына дәнді, жем-шөп және майлы дақылдар жеткізілімін ұлғайтуды көздейді.

Келіссөздерге ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев және қытайлық логистикалық компанияның өкілдері қатысты.
Айдарбек Сапаров атап өткендей, Қазақстан жыл сайын Қытайға 3-4 млн тоннаға дейін астық пен жемдік ұн жеткізуге қабілетті. Оның айтуынша, бұл бағыт бүгінде аграрлық саладағы ең перспективалы бағыттардың біріне айналуда.
Асылхан Джувашевтің айтуынша, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының активінде төрт элеватор бар, олардың негізінде диірмендер орнатып, экспортқа дайын өнім шығаруға болады. Ол сондай-ақ қытайлық серіктестерді аграршылар арасында өзін танытқан форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қазақстандық фермерлерді қаржыландыруға қатысуға шақырды. Бұл тетік ауыл шаруашылығы өндірушілерін қажетті дақылдарды өсіруге арналған құралдармен қамтамасыз етуге, содан кейін кейіннен өңдеу және экспортқа жіберу үшін олардан шикізат сатып алуға мүмкіндік береді.
Өз тарапынан Shandong Hi-Speed Qilu өкілдері қазақстандық фермерлерді форвардтық қаржыландыру құралына қызығушылық танытты, сондай-ақ бірлескен жобалардың жоғары әлеуетін атап өтті.
«Шаньдун провинциясы – ауылшаруашылық дақылдарын тұтыну мен өндіру бойынша ең ірі провинциялардың бірі. Бізде шетелдік инвестициялар тәжірибесі бар. Меморандумға қол қойылғаннан кейін біздің тасымалдау көлеміміз ұлғаюы мүмкін. Келешекте Қазақстаннан 500 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін импорттаймыз деп үміттенеміз», – деп хабарлады компания өкілі.
Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express Co.Ltd Шаньдун провинциясының инфрақұрылым саласындағы Shandong Hi-Speed Logistics Group мемлекеттік инвестициялық тобының еншілес кәсіпорны болып табылады және Fortune Global 500 тізіміне кіреді. Компания Еуразиялық теміржол экспрестеріне (Еуразиялық контейнерлік пойыз) қызмет көрсету және басқару үшін бірыңғай платформа ретінде айқындалған. Ол жүк тасымалдауды ұйымдастыруға, жүк жинауға, ақпараттық қызметтерге, маркетингке, жеткізу тізбегін басқаруға және т.б. жауапты. Қытай-Еуропа теміржол маршруттарының операторы ретінде әрекет етеді: жыл сайын Шаньдун провинциясынан 1500-ге жуық пойыз жөнелтіледі, олар Қазақстан аумағы арқылы өтіп, кері қайтады.
2024 жылдан бастап компания қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға, оның ішінде жемдік ұн жеткізу кезінде логистикалық қолдау көрсетіп, Қазақстаннан Шаньдунға дейінгі маршрут бойынша айына орта есеппен 10-ға жуық жүк пойызын ұйымдастырады.
Қытайлық логистикалық компанияның халықаралық тасымалдардағы елеулі тәжірибесін ескере отырып, тараптар Shandong Hi-Speed Qilu астықты Қазақстан аумағы арқылы да, экспорттық бағыттарда да тасымалдауға қатысу мүмкіндігін талқылады.
Айта кетейік, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының Бейжіңдегі өкілдігі Қазақстан мен Қытайдың агробизнес және мемлекеттік құрылымдарының өкілдерімен белсенді өзара іс-қимыл жасап, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және нығайтуға көмектеседі.

