Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен семинар-кеңесте өңірлік әкімдіктің, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, АӨК саласындағы қаржы-кредит ұйымдарының және фермерлік қоғамдастықтың өкілдері Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу барысын талқылады. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ету.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтың айтуынша, биыл форвардтық сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруға 30 млрд теңге жоспарланған. Оның ішінде 21 млрд теңгеге жуығы 2025 жылғы егіс науқанын ұйымдастыруға бағытталады.
«2025 жылдың 18 наурызынан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Солтүстік Қазақстан облысының аграршылары 5 млрд теңге сомасына өтінім беріп үлгерді, келісімшарт көлемі 91,7 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды құрайды. СҚО-да көктемгі дала жұмыстарын форвардтық қаржыландыруға барлығы 7,3 млрд теңге бөлінеді», – деп нақтылады Асылхан Джувашев.
Өткен жылы алдын ала төлем шарттарымен СҚО-ның 112 ауыл шаруашылығы өндірушісі 18,8 млрд теңге алды, бұл 271,4 мың тонна астық жеткізуге келісімшарт жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда астық егетін өңірдің аграршылары Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорына 2024 жылғы форвард шарттары бойынша 15,9 млрд теңгеге 205,5 мың тонна астық жөнелтті.
Форвардтық сатып алу қағидалары бойынша астық өндірушілер егін жинағаннан кейін, бірақ жыл сайын 1 қарашадан кешіктірмей, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге міндеттенеді.
Шағын және орта шаруашылықтарға қолдау көрсету мақсатында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2024 жылғы желтоқсанда нарықта астықты интервенциялық сатып алуды өткізді. Нәтижесінде СҚО фермерлері тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңгеге 20,9 мың тонна астық сата алды.
Сонымен қатар, 2023-2024 жылдар аралығында ұлттық астық операторы егіншілерді тұқыммен қамтамасыз ету үшін оларға кейінге қалдырылған тауарлық кредиттер берді.