Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Қытай мемлекеттік холдингі COFCO және ҚХР Бас кеден басқармасының басшылығымен келіссөздеріне қатысты.
Бейжіңдегі кездесуде қазақстандық өсімдік шаруашылығы өнімдерін сату саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Әңгіме Азық-түлік корпорациясы мен COFCO арасында дәнді және майлы дақылдарды жеткізуге үш жылдық келісімшарт жасасу туралы болды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Рустам Жанатаевтың айтуынша, ұзақ мерзімді келісімшарт қазақстандық астықты көрші елдің нарығына стратегиялық жеткізу үшін жоспарлы түрде жөнелтуді ұйымдастыруға және «жасыл» дәліздер құруға мүмкіндік береді.
COFCO мемлекеттік корпорациясы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі импорттаушысы болып табылады. Биыл ол Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан hi-pro сортының 50 мың тонна қазақстандық бидайын сатып алды.
Қытайдың Бас кеден басқармасымен келіссөздер барысында Рустам Жанатаев шекарадағы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылардың алдында тұрған сауда кедергілері тақырыбын көтерді. Талқылау нәтижесінде тараптар нүктелік мәселелерді шешу үшін уақытша жұмыс тобын құруға келісті. Қазақстанның мүддесін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы білдіретін болады. Бірлескен жұмыс тобына Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілі де кіреді.
.