Азық-түлік корпорациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің халықаралық инвестициялық және сауда көрмесіне қатысып жатыр. Осы күндері Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан ШЫҰ жеткізу тізбегі форумы аясында көрме павильондары ашылды.
Шара ШЫҰ мемлекеттеріне іскерлік байланыстар, ынтымақтастық орнату, сондай-ақ компаниялардың қызметін таныстыру үшін өз алаңын ұсынады.
Азық-түлік корпорациясын көрме алаңында Қытайдағы өкілдіктің директоры Айжан Жамалова таныстырып, іс-шараға қатысушыларға корпорацияның экспорттық мүмкіндіктері мен жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы туралы айтып берді. Екі күн ішінде павильонды жүзге жуық делегат тамашалап, Қытайдың жетекші компанияларының өкілдерімен оннан астам келіссөздер жүргізілді.
Азық-түлік корпорациясы үшін халықаралық көрмеге қатысу қазақстандық өнімді әлеуетті импорттаушылармен серіктестік орнату мүмкіндігі болып табылады.
Айта кету керек, корпорация биыл Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемін 200 мың тоннадан астамға жеткізуді көздеп отыр, бұл соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болады деп күтіліп отыр.