Мәжілісте өткен үкімет сағатында ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамыту және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың өзекті мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызды аспектілерге тоқталды.
Негізгі бастамалардың бірі егіс жұмыстарына 2024 жылы жеңілдікті несиелеуді айтарлықтай кеңейту болды. Биылдың өзінде жеңілдікті несиелендіру көлемі 580 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бұл 9 миллион гектарды немесе барлық егістік алқаптарының 38 пайызын қамтуға мүмкіндік берді, бұл алдыңғы көрсеткіштерден екі есе жоғары.
Жеңілдікпен несиелендірудегі мақсат шикізаттың құнын төмендету қажеттілігінен туындап отыр, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында. Атап айтқанда, өңдеуге арналған шикізат құнының 70%-ға дейінгі бөлігін жемшөп құны құрайды. Өндіріс тиімділігін арттыру және шығындарды азайту үшін мал азықтық дақылдарды өндіруді арттыру қажет.
Ағымдағы жылы жем-шөп дақылдарының алқабы 3,4 млн гектарға дейін жеткізілді, бұл 2023 жылғы деңгейден 314 мың гектарға артық. 2026 жылға қарай жем-шөп дақылдарының егістік алқабын 3,6 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Азық-түлік корпорациясы арқылы 235 мың тонна көлемінде жеңілдетілген бағамен шаруаларға сату үшін тұрақты жем-шөп қоры жасақталды. Бұл шаралар өңдеу өнеркәсібін жоғары сапалы, қолжетімді шикізатпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді министр.