ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Азық-түлік келісім шарт корпорациясының Басқарушы директоры Рустам Жанатаев Мемлекет басшысының Әзірбайжанға сапары аясында Баку астық терминалына барды.
Баку астық терминалы – 2006 жылы Әзірбайжан мен Қазақстан Республикалары арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық шеңберінде құрылған бірлескен кәсіпорын. Терминал дәнді дақылдарды тиеу және қайта өңдеу бойынша кәсіби қызметтерді ұсынады.
Айдарбек Сапаров тәулігіне 150 тонна ұн және жылына 40 мың тоннаға дейін астық өңдейтін диірмен кешенінің жұмысымен танысты. Диірмен кешені “Bayterek” брендімен жоғары, 1 және 2 сортты ұн, сондай-ақ кебек өндіреді.
Терминалдың жұмысымен танысу барысында Айдарбек Сапаров Каспий теңізі арқылы астық тасымалдау көлемін ұлғайту арқылы өңіраралық жобаларды іске асырудың және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, Министр бірқатар тапсырма беріп, барлық әзірбайжандық мамандарға бірлескен нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдірді.