Moody’s Ratings халықаралық агенттігі ұлттық астық операторының корпоративтік рейтингінің болжамын «тұрақтыдан» «оңға» өзгертті. Бұл ретте компанияның сенімділік көрсеткіші B2 (орташа-жоғары тәуекел) деңгейінде расталды, ал дефолт ықтималдығы рейтингі B2-PD деңгейінде қалды. Компанияның негізгі кредиттік бағалауы (BCA) Сaa1 деңгейінде сақталды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагуловтың айтуынша, болжамды оң жаққа өзгерту агенттіктің жүргізілген мониторинг негізінде қаржылық тұрақтылықтың көрінетін жақсаруын және компания қызметінің орнықтылығы нығайғанын растайтынын айғақтайды.
«Оң серпін корпорацияның консервативті операциялық және қаржылық саясатқа көшуімен байланысты. Бұл қарыз жүктемесін оңтайландыру үшін алғышарттар жасайды, тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді және инвесторлардың сенімін арттырады», – деп түсіндірді ол.
Сарапшылардың пікірінше, оң болжам қаржылық басқарудың жаңа стратегиясы мемлекеттік қолдау шараларымен бірге ақша ағыны көрсеткіштерінің өсуіне, борыштық жүктеменің қысқаруына және 2025-2026 жылдары өтімділіктің ақылға қонымды деңгейін ұстап тұруға ықпал етеді деген күтулерді көрсетеді.
«Біз жылдық қаржылық есептілік аудитінің қорытындысы бойынша рейтингті арттыруға шығу үшін корпорацияның бекітілген қаржылық жоспарын одан әрі ұстануды жоспарлап отырмыз», – деп түйіндеді Ильдар Исмагулов.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ – Қазақстан астық нарығының ұлттық операторы. Компания астықтың резервтік қорын сақтау арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, аграрлық секторды қолдаудың мемлекеттік саясатын іске асырады, сондай-ақ астық өнімдерін экспорттық ілгерілету және ішкі нарықты тұрақтандыру бағдарламаларына қатысады.

