«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов Мерсин қаласында Түркияның ең ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі – Arbel Group компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар қазақстандық бидай мен дәнді-бұршақ дақылдарының экспортын ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.
Arbel компаниясы – бұршақ дақылдарын қайта өңдеу және экспорттау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі, 120-дан астам елге өнім жеткізеді және Қазақстанның көпжылдық серіктесі болып табылады. Компания құрылымында булгур, кускус және семолина өндіретін зауыт жұмыс істейді. Кәсіпорын тәулігіне 2 000 тоннаға дейін бидайды, жасымықты, ноқатты және бұршақты қайта өңдейді. Сондай-ақ компания Қазақстанда бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша ауыл шаруашылығы жобаларына инвестиция салады.

Ағымдағы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Arbel компаниясымен 150 мың тоннадан астам бидай жеткізуге екі экспорттық келісімшарт жасасты.

Кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрік нарығындағы позицияларын одан әрі ілгерілету перспективаларын қарастырды.

