Екі өңірдің фермерлері Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен 2024 жылдың көктемінің басында жасалған астықты форвардтық сатып алу шарттары бойынша толық есеп айырысты.
Биылғы жылы дала жұмыстарын қаржыландыруға астық операторы 40,7 млрд теңге бөлді.
Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 млрд теңгеден астам қаражат алды, бұл оларға болашақ егінге 13 мың тоннадан астам астық жеткізуге келісімшарт жасауға мүмкіндік берді. 20 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары Азық-түлік келісімшарт корпорациясы алдындағы өз міндеттемелерін орындады.
Павлодар облысының аграршылары 687,1 млн теңге сомасына келісімшарттар жасасты. Бүгінгі күні шаруашылықтар корпорацияның элеваторларына 8,3 мың тонна астық немесе 2024 жылғы форвард шарттары бойынша 100% астық жеткізді.
Көшбасшылар үштігіне Қостанай облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары да кірді, олар бүгінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының астық қорына 10,7 млрд теңгеге 137,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін қайтарып берді. Бұл 2024 жылғы форвардтың келісімшарттық көлемінен 96,4% құрайды.
Форвардтық сатып алуды қаржыландыруға ең көп өтінімдерді Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының астық егетін негізгі өңірлерінің фермерлері берді. Мысалы, СҚО аграршылары 18,8 млрд теңгеге өнімдерге келісімшарт жасады, 2024 жылғы форвард шарттары бойынша қайтару 14,8 млрд теңгені немесе 190,1 мың тоннаны құрады. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мемлекеттік қолдау ретінде 9 млрд теңгеден астам қаражат алды. Бүгінде олар Азық-түлік келісімшарт корпорациясының элеваторларына 87,9 мың тонна астық жеткізді, бұл келісімшартталған көлемнен 78,4% құрайды.
Форвардтық келісімшарттың талаптары бойынша фермерлер алынған қаражатты тауарлық астық түрінде жинағаннан кейін қайтаруға міндеттенеді. Қыркүйек айынан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясының элеваторларына форвард шарттары бойынша 502,4 мың тонна жаңа астық түсті.
Форвардтық сатып алу бағдарламасы жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында іске асырылады. 2024 жылы осы бағдарлама аясында 324 агроөнеркәсіп қаржыландырылды. Сондай-ақ, шағын және орта фермерлік шаруашылықтарға өнімді өткізуге жәрдемдесу үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы артық астықты тікелей сатып алуды жүргізеді. Астық операторының тағы бір бағдарламасы шағын агроөндірушілерге өсімдік шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға сатуда көмек көрсетуді көздейді. Осылайша, астықтың экспорттық партияларын шоғырландыру бағдарламасы бойынша 19,5 млн долларға келісімшарттар жасалды.
Бүгінгі күні Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорына барлық қаржыландыру бағдарламалары бойынша 2024 жылғы егіннен 729 мың тонна астық түсті.