Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Abu Dhabi Global Market (ADGM) базасында жұмыс істейтін Arab ReinsuranceAssociation (ARIA) компаниясы АӨК-те қаржылық қызметтер спектрін кеңейтуді талқылады.
Ұлттық астық операторы тарапынан келіссөздерге Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, араб тарапынан ARIA төрағасы А. Усама Кайсси қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде сақтандыру және қайта сақтандыру құралдарын, соның ішінде өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді сақтандыруды, сауда мәмілелерін сүйемелдеуді және астық қолхаттары тетігін қолдануды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ, аграрлық нарыққа қатысушылар үшін қаржылық қызметтер спектрін кеңейту перспективалары, оның ішінде экспорттық операцияларды сақтандыру қарастырылды.
ARIA «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) өкілдігі бар. Топ Жаһандық оңтүстік елдерінде трансшекаралық қайта сақтандыру қуаттарын және нарықтық инновацияларды дамыту жөніндегі салалық платформа ретінде жұмыс істейді.

