ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Азық-түлік корпорациясының басшылығымен бірлесіп Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының және оның округтерінің басшыларымен, ШҰАА және Бейжің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен, сондай-ақ Қытайдың жетекші компанияларымен жоғары деңгейде кездесулер өткізді. Қазақстандық тарап астық экспорты бойынша мүмкіндіктерді ұсынды, оның көрсеткіштерін жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, қазақстандық делегация CITIC Group корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы, оның ішінде Қазақстанға инвестиция салумен айналысатын ірі мемлекеттік конгломерат болып табылады.
Қытайға отандық бидайды жеткізуді ұлғайту үшін CITIC Group өкілдеріне отандық кәсіпорындар, оның ішінде «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы астық экспортын жүзеге асыру ұсынылды. Қазақстанда ішкі тұтыну үшін де, экспорттық мүмкіндіктерді жабу үшін де жоғары сапалы дәнді дақылдардың жеткілікті қоры бар.
Қазақстандық делегация дәл осындай ұсынысты Қытайдың ауыл шаруашылығы саласының көшбасшысы және әлемдегі жетекші агрокомпаниялардың бірі болып табылатын COFCO корпорациясына білдірды. COFCO аспан асты елінде соя, бидай, жүгері, қант және басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі импорттаушысы және экспорттаушысы болып саналады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Тараптар қазақстандық компаниялардың ҚХР-ға астық жеткізуі бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюға келісті.
Айта кетейік, Қазақстан жыл сайын 40-тан астам елдің нарығына 8 млн тоннаға жуық астық жеткізіп, астық державасы мәртебесін бекітті. Соңғы жылдары еліміз жыл сайын 2,5 млн тоннаға дейін ұнды шетелге экспорттай отырып, әлемде көшбасшы орында тұр.
ҚХР-мен ынтымақтастық отандық астық үшін жаңа өткізу нарықтарын ашады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімді әділ бағамен сатуға мүмкіндік береді.