Сөзсіз, қолайлы ауа-райы да әсер етті ғой, одан бөлек мемлекеттік қолдаудың арқасында диқаншылар бидайдың өнімділігін арттырып отыр. 2024 жылы Қазақстанда дәнді дақыл бойынша едәуір өнім алу болжанып отыр.
Осыған орай Үкімет фермерлерге дәнді дақылдарды уақтылы жинау және сақтау үшін жағдай жасау мақсатында бірқатар шаралар әзірледі. Атап айтқанда, жаңа астықты сақтауға арналған элеваторлар мен астықты қабылдау пінкттерін дайындау үшін Премьер-Министр О. Бектеновтың тапсырмасы бойынша Азық-түлік корпорациясы астықты солтүстік облыстардың элеваторларынан Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріне көшіруді жүзеге асырады. Жекелеген астық қоймаларының жоғары жүктемесі проблемасының болуын ескере отырып, бұл шара элеватордың жүктемесін азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде тауар балансын сақтауға мүмкіндік береді.
Өткен 2 апта ішінде Азық-түлік корпорациясы диірмендерді, құс және мал шаруашылықтарын қоса алғанда, ішкі және сыртқы нарықтарда 100 мың тоннадан астам көлемде астық жөнелтіп, өткізген болатын. Бұл ішкі және экспорттық қажеттіліктерді ескере отырып бөлінген көлем болды.
Сонымен қатар, астық қабылдау пункттерін босатуға байланысты Азық-түлік корпорациясы тасымалданатын көлемді 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Одан бөлек өңірлерде бос тұрған астық қабылдау пункттері не болмаса элеваторларды да іске қосу мәселелері пысықталуда. Азық-түлік корпорациясы мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері астықты сақтау үшін оны қабылдау мақсатында Қазақстанның астық егетін өңірлерінде тоқтап тұрған элеваторларымен егжей-тегжейлі танысу жұмыстарын жүргізді.
Алдын-ала ақпарат бойынша 2024 жылғы астықты қабылдауы тиіс жарамды элеваторлар белгіленді және олар бойынша қажетті құжаттарды ресімдеу тұрғысынан иелерімен жұмыс жүргізілуде.
Астықты сақтау жөніндегі Азық-түлік корпорациясының талаптарына толық сай келмейтін және жұмыс істеуін жалғастыру үшін инвестициялар қажет астық қоймаларына да инвесторларды іздеуде жәрдем көрсетілетін болады.
Экспорт бойынша Орталық Азия елдері мен Қытай бағытында астықты сату бойынша жұмыстар жандандырылды.
Осылайша, қосымша элеваторлық қуаттарды қосу, экспортқа астық жөнелтуді жандандыру және астық қозғалысының мониторингін жүргізудің нәтижесінде қосымша 2 млн тонна көлемде 2024 жылғы астықты орналастыруға мүмкіндік болады.