Ақмола облысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың төрағалығымен 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері бойынша аграрлық кеңес өтті. Іс-шараға «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қатысты.
Ақмола облысы Қазақстанның жетекші астық егетін өңірлерінің үштігіне кіреді. Биыл мұнда 5,4 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабын егу жоспарлануда, олардың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде дәнді дақылдар алады.
Өңір аграршылары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық операторының желісі бойынша мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысады. 2025 жылғы 18 наурыздан бастап көктемгі егіс науқанын форвардтық қаржыландыруға Ақмола облысының 43 ауыл шаруашылығы өндірушісінен жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 57 өтінім түсті.
Форвардтық қаржыландыру – бұл мемлекеттік қолдау тетігі, онда аграршылар алдын ала дала жұмыстарын жүргізуге қаражат алады, ал маусым аяқталғаннан кейін оларды белгіленген бағамен егіннің бір бөлігімен қайтарады.
Ағымдағы науқан аясында фермерлер Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына алдын ала төлем шарттарымен 78,6 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды жеткізуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Оның ішінде:
- 58 мың тонна бидай,
- 14 мың тонна арпа,
- 2,6 мың тонна күнбағыс,
- 4 мың тонна зығыр тұқымы.
2024 жылдың қорытындысы бойынша форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында Ақмола облысында 9 млрд теңгеге 73 ауыл шаруашылығы өндірушісі қаржыландырылды. Жасалған келісімшарттардың көлемі 132,4 мың тонна астықты құрады.

