Ауыл шаруашылығы өндірушілерін форвардтық қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау басталғаннан бері Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 13,4 млрд теңге сомасына өтініштер келіп түсті. Бағдарламаны іске асыруға биыл барлығы 30 млрд теңге жоспарланған, оның 21 млрд теңгесі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
2025 жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша аграршылар ұлттық оператормен алдын ала төлем бойынша 258,8 мың тонна астық жеткізуге шарт жасасуға дайын екендіктерін білдірді.
Мемлекеттік қолдау құралдарына дәстүрлі түрде негізгі астық егетін өңірлердің фермерлік шаруашылықтары үлкен қызығушылық танытуда. Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері 94,3 мың тонна астық жөнелтуді қаржыландыруға өтінім берді, ал Ақмола облысының фермерлік қожалықтары болашақ егін есебінен 56,5 мың тонна астық, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аграршылары тиісінше 95,5 мың тонна, 10,6 мың тонна және 1,8 мың тонна астық жеткізуге дайын.
Ұсынылатын дақылдар бойынша бидай басым, ол барлық өтінімдердің 81%-ын алады. Арпа келісімшарттардың 8%-ын, күнбағыс тұқымы – 5,2%, майлы зығыр – 4,9%, рапс – 0,3% құрайды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, соңғы жылдары аграршылар күнбағыс және басқа да жоғары табысты дақылдар өсіруге қызығушылық таныта бастады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы егіс алқаптарын әртараптандыру міндетін қолдай отырып, фермерлерді майлы дақылдар алқаптарын ұлғайтуға ынталандырады. 2025 жылға арналған форвардтық қаржыландыру шеңберінде күнбағыс өндірушілерін қолдау көлемі ұлғайтылды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының агроқұрылымдары осы дақылға егіс жұмыстарын аванстауға өтінімдер саны бойынша көш бастап тұр», – деп хабарлады ол.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында өте сұранысқа ие екенін және өзін қарапайым әрі тиімді қаржыландыру құралы ретінде танытқанын атап өтті. Берілген қаражат есебінен фермерлер егіс науқанын жүргізуге және егіннің кепілдендірілген сатылымына алдын ала ойластыруға мүмкіндік алады.
2023-2024 жылдары 520 ауыл шаруашылығы өндірушісі 60,7 млрд теңге сомасына форвардтық қаржыландыруды алды.
Бағдарламаға дәнді дақылдар өсіретін шағын және орта агроөнеркәсіп кешендері қатыса алады. Форвардтық келісімшарт жасасу үшін қатысушы ӘКК, «Даму» КДҚ немесе екінші деңгейдегі банктің кепілдігін ұсынуы тиіс. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік пайдаланылуы мүмкін.