Шанхай қаласында 6-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі басталды. Шараның негізгі мақсаты елдердің сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін паш ету, шетелдік тауарлар мен қызметтер үшін Қытай нарығын ашу.
Мұндағы Қазақстанның Ұлттық павильонында ауыл шаруашылығы, туризм, логистика және инновациялық өнімдер келушілердің назарына ұсынылды.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясының ҚХР-дағы өкілдігінің директоры Жамалова Айжанның айтуынша, Қытай тарапы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына жоғары баға береді. Көрменің бірінші күні бірқатар қытайлық компания астық өнімдеріне қызығушылық танытты, келіссөз нәтижесінде Азық-түлік корпорациясы мен C. P. TRADING CO. LTD. арасында 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылады деп күтілуде.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы 135 мың тонна астық өнімін экспорттау жөнінде келісімге қол қойды. Бүгінгі таңда экспорт көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.