Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ қызметі» мәселесіне қатысты тақырыптық отырысы өтті.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев бүгінде қорда 1 млн тоннаға жуық астық бар деді. Оның 500 мың тоннасы резервтік қор, 200 мың тоннасы мал жемі.
Ағымдағы жылы мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын, оның ішінде форвардтық сатып алу, тауарлық кредит, тікелей сатып алуды қоса алғанда, нарықтан жалпы көлемі 1,2 млн тоннадан астам астық сатып алынады. Сапасыз бидайды сатуға жәрдемдесу үшін компания ішкі және сыртқы нарықтарда сатып алушы серіктестерді іздестіруде.
“Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында біз тауарлық интервенцияларды қолданып келеміз. 1-ші сұрыпты ұн мен әлеуметтік нан бағасының өсуін тежеу үшін биыл азық-түлік корпорациясы диірменшілерге 70,8 мың тонна бидай сатты. Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру үшін өңдеу зауыттарында қарақұмық, ұн, күріш және күнбағыс қоры сақталады. Президент сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және өткізудің толыққанды желісін құруды жеке нарыққа жәрдемдесуді тапсырды. Біз шикізат пен дайын өнімге бағаны белгілеу есебінен қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы бағасының өсуін бақылауға мүмкіндік беретін үш жақты форвардтық сатып алуды енгіземіз”, – деді Асылхан Джувашев.
Талқылау барысында мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров Азық-түлік корпорациясына биылғы жылы құрғақшылық пен артық ылғалдан зардап шеккен фермерлердің қарыздарын ұзартуға бюджеттік кредит беруді, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды. Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мен отырысқа қатысушылар айтылған мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын айтты.