«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Ауғанстанның іскерлік қоғамдастығына өзінің экспорттық мүмкіндіктерін ұсынды. Таныстырылым 3 тамыз күні Астанада басталатын Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумының алаңында өтті. Ислам республикасының делегациясын Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Нeриддин Азизи басқарды.
Қатысушыларды «Азық-түлік корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары Самат Тенбаев қарсы алды. Ол компанияның қызметі, астықтың ішкі бағасын және бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұрақтандыруға қатысу, сондай-ақ Қытай, Орталық Азия, Иран және Әзірбайжанға бағыттар бойынша экспорттық әлеуетке жәрдемдесу жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.
Бүгінде Азық-түлік корпорациясының Қазақстанның негізгі астық егетін облыстарында және ҚХР-ның перспективалы нарығында өкілдіктері бар.
Самат Тенбаев ауған кәсіпкерлерін Азық-түлік корпорациясының еншілес ұйымдарына тиесілі қуаттылығы 500 мың тоннаға дейінгі 4 элеватордың, сондай-ақ Ақтау, Баку және Амирабадтағы үш теңіз астық терминалының көрсеткіштерімен таныстырды.
Айта кетейік, Азық-түлік корпорациясының клиенттері 300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер болып табылады. Сыртқы ірі серіктестерге қытайлық COFCO корпорациясы мен ирандық GTC кіреді.
Бүгінгі күні Азық-түлік корпорациясының тауар желісіне әртүрлі сыныптағы бидай, арпа, қарақұмық және майлы дақылдар кіреді.
Бизнес-форум аясында В2В форматындағы келіссөздер өтті, онда Қазақстан мен Ауғанстан компанияларының өкілдері ынтымақтастық перспективаларын талқылап, сондай-ақ байланыстармен алмасуға мүмкіндік алды.
Ауғанстан – еліміздің маңызды сауда серіктестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 987,9 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары.