Азық-түлік корпорациясының басшылығы ағымдағы жұмысты талқылау және пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау үшін мемлекеттен қолдау алған фермерлермен кездесті. Мұндай кездесулер ынтымақтастықты жақсартуға және қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыруға ықпал етеді және шаруалармен корпорация арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл кездесулер көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландырылған фермерлердің, сондай-ақ 2023 жылы қарыздың мерзімін ұзартуға өтінімдері қаралған және мақұлданған фермерлердің жағдайына ауқымды мониторинг жүргізу аясында қолға алынды. Бұл бастама қаражатты пайдалану тиімділігіне және жақсы өнім алу үшін қабылданған шаралардың уақтылығына көз жеткізуге бағытталған.
Мониторингтік жұмыстар Қазақстанның барлық астық егетін өңірлерінде басталды. Бүгінгі күні Қостанай облысының егіс алқаптарын тексеру аяқталды және оның нәтижелері бойынша фермерлер сапалы өнім алуға қажетті талаптарды уақтылы орындап жатқандығына көз жетті. Қазіргі уақытта егістік алқаптарын тыңайтқыштармен өңдеу жұмыстары жүргізілуде, және егістік алқаптарының жағдайы жақсы деп бағаланады.
Мониторинг барысында Азық-түлік корпорациясының мамандары егістіктерді қарап, олардың жай-күйін бағалайды және агротехникалық жұмыстардың орындалу барысымен танысады. Сондай-ақ, өсіру технологияларының сақталуы және қаражатты мақсатына сай пайдалану бақыланады.
Атап өту керек, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің көңіл күйлері жақсы және күзде сапалы өнім алудан үмітті.