Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан көктемгі егістік жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды. Егістік барысы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың жіті бақылауында болды.
Егіс науқанының сәтті жүзеге асуына фермерлердің үйлесімді жұмысы, қажетті ресурстармен, соның ішінде қаржымен дер кезінде қамтамасыз етілуі ерекше ықпал етті.
Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда 2024 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша фермерлерді қаржыландыруды екі есеге арттырды.
Биіл көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 40 млрд теңге бөлінді. 2024 жылғы форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдердің көпшілігі дәстүрлі түрде Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары сияқты негізгі астық өсіретін өңірлерден түсті. Жалпы саны 440 өтінім мақұлданды.
«Тұқым ретінде нарықтық бағасы 28 млрд теңгеден асатын 200 мың тонна азық-түлік бидайы қосымша бөлінді. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының аграршылары жалпы құны 6,4 млрд теңге болатын 44,8 мың тонна бидай сатып алуға 31 өтінім жолдады. Бұл көлем шамамен 400 мың гектар алқапты егуге мүмкіндік берді.
Фермерлердің 84 млрд теңге болатын 2023 жылғы міндеттемелерінің мерзімін ұзарту да үздіксіз қаржылық қолдаумен қамтамасыз ететін маңызды қадам болып табылады. Бұл қаражат фермерлер арасында айналымда қалып, олардың қаржылық тұрақтылығына және көктемгі егіс жұмыстарын бюджетке қосымша ауыртпалықсыз табысты жүргізуге ықпал етті», – деп хабарлады Азық-түлік келісімшарт корпорациясы.
Осылайша, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берген қолдаудың жалпы сомасы 130 млрд теңгеден асады.
Әрине, бұл шаралар аграрлық сектордың тұрақты дамуына ықпал етеді, өндірістің өсуін ынталандырады және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін «Норд Агро 2030» ЖШС Азық-түлік корпорациясы тарапынан ұсынылған қаржының арқасында жоғары сапалы тұқым, қажетті химиялық заттарды уақытында сатып алды.
«Біздің компания, басқа шаруашылықтар сияқты, ӘКК кепілдігін ұсына отырып жеңілдіктетілген шарттармен Азық-түлік келісімшарт тарапынан қаржылық қолдауға ие болдық. Ақша бірден шотқа түсті. Тұқым, жанар-жағармай, химия және қосалқы бөлшектер сатып алынды. 11 мың гектардың 8,5 мың гектарына бидай егілді», – деді «Норд Агро 2030» ЖШС директоры Оразхан Байдақов.