Қостанай облысында шегірткеге қарсы қарқынды іс-шаралар жүргізілуде. Егістіктерді химиялық өңдеу ағымдағы жылдың 27 мамырында басталды және 10 маусымдағы жағдай бойынша облыстың бес ауданында 64 мың гектардан астам жер өңделді.
Анықтама үшін: Жангелді ауданы – 6 600 га, Амангелді ауданы – 36 200 га, Қамысты ауданы – 11 970 га, Арқалық қаласы – 8 270 га, Науырзым ауданы – 1 250 га.
Биыл республикалық бюджет есебінен облыстың оңтүстік және батыс аудандарында 775,6 мың гектар жерді өңдеу жоспарланған. Облыстың 17 ауданының 15-і қамтылып, химиялық өңдеу шараларына 72 техника жұмылдырылады.
«Шаруа» ЖШС қоймасына шегіртке зиянкестерімен күресу үшін қажетті пестицидтер жеткізілді.
Бұған дейін Жангелдин ауданы Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тоқанай ауылының маңынан бейне жарияланған болатын. Жедел түрде шара қабылданып, бұл учаске 9 маусымда «Карат Супер 100» және «Тиметрин» инсектицидтерімен өңделді. Өңдеу тиімділігі 98 бен 100% аралығында.
Қазіргі уақытта Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қарыз алушылары шегіртке зиянкестері мен ақбөкендерден зардап шеккен жоқ.