Moody’s Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның корпоративтік кредиттік рейтингін B2-ден B1 мәніне дейін көтеріп, болжамын позитивті деңгейде сақтап қалды. Агенттіктің бұл шешімі ұлттық астық операторының қаржылық жағдайының едәуір жақсарғанын растап, оның кредиттік қабілетінің одан әрі нығаю әлеуетін көрсетеді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагуловтың айтуынша, рейтингтің көтерілуі қарыз жүктемесін азайту, оң ақша ағынын қалпына келтіру және қаржы ресурстарын басқару тиімділігін арттыру бағытында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесі болды.
Қаржылық сауықтыру: қарыздың 79%-ға төмендеуі
Қаржылық сауықтыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының негізгі қарызы 200 млрд теңгеден 42 млрд теңгеге дейін, яғни 79%-ға қысқарды. Сонымен қатар қарызға қызмет көрсету шығындары екі еседен астам азайды. Бұл компанияның ақша ағынына түсетін қаржылық жүктемені төмендетіп, операциялық қызметті қаржыландыру мүмкіндіктерін арттырды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы соңғы үш жылда алғаш рет қаржы жылын 492,4 млн теңге мөлшеріндегі оң шоғырландырылған таза пайдамен аяқтады. Салыстыру үшін, 2024 жылы шоғырландырылған залал 23,5 млрд теңгені құраған болатын.
Moody’s бағалауынша, 2025 жылы корпорацияның операциялық ақша ағыны 73 млрд теңгеге жетті. Астық өткізу көлемінің ұлғаюы, сауда кредиттері бойынша есеп айырысуларды реттеу және мемлекеттік қолдау шаралары шетел валютасындағы коммерциялық қарыздарды өтеуге қомақты қаражат бағыттауға мүмкіндік берді.
2026 жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бірнеше облигациялық шығарылым бойынша міндеттемелерін өтеуді аяқтады. Сәуір айында компания 2,45 млрд рубль сомасындағы халықаралық облигациялар бойынша міндеттемелерін толық орындады, оның ішінде 27,3 млн рубль мөлшеріндегі соңғы купондық төлемді төледі.
Тамыз айының соңында жалпы сомасы 62,7 млрд теңгені құрайтын орта мерзімді бағалы қағаздардың екі шығарылымы бойынша міндеттемелер толық орындалды. Оның ішінде негізгі борыш 60 млрд теңгені, ал купондық кіріс 2,7 млрд теңгені құрады. Қазан айында тағы бір облигациялық қарыз 27 млрд теңге көлемінде өтелді.
Астық сатылымының өсуі ақша ағынын нығайтты
Астық сатылымының артуы ақша түсімдерінің өсуіне ықпал етті, оның бір бөлігі берешекті өтеуге бағытталды. 2024/2025 маркетинг маусымының қорытындысы бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарықта және экспортқа рекордтық көлемде – 1,3 млн тонна астық өткізді. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда төрт есе көп. Ұлттық оператор Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның жаңа нарықтарын игеру есебінен экспорттық жеткізілімдердің географиясын кеңейтті. Атап айтқанда, Марокко, Алжир, Мысыр және Вьетнамға, сондай-ақ Иран, Әзербайжан және Грузияға жалпы көлемі шамамен 200 мың тонна астық жөнелтілді.
«Moody’s шешімі қаржылық сауықтыру бағытында атқарған жұмысымыздың нәтижелерін растайды. Қарыздың және оған қызмет көрсету шығындарының қысқаруы негізгі қызметті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазір біздің міндетіміз – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, ішкі нарықтағы және экспорттық сатылымдарды дамыту. Қаржылық жағдайдың нығаюы компанияға отандық аграршыларды қолдауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек ресурс бөлуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ильдар Исмагулов.
Ұлттық астық операторы өтімділікті нығайтуға және капитал құрылымын оңтайландыруға бағытталған консервативті қаржылық саясатты ұстануды жалғастырады.

