Қазақстан делегациясы Анадолының аграрлық ауданында орналасқан Түркияның ірі биржасының басшылығымен кездесу өткізді. Қазақстанның астық егетін өңірлеріне астықты тиімді сату тәжірибесін енгізу мақсатында ETS (Алматы) тауар биржасымен бірлесіп Конья қаласы биржасының (Konya Commodity Exchange, KCE) жұмысына талдау жүргізілді. Кония биржасының аймақ бойынша сегіз бөлімшесі және қалада бір орталығы бар, ал биржа арқылы жасалған сауда-сатық көлемі шамамен 4 миллиард доллар айналасында.
Конья биржасындағы сауда процесі ауыл шаруашылық тауарын сатуды барынша тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Өсірілген дақыл тауар ретінде биржаға түспес бұрын, ол зертханада міндетті түрде тексеруден өтеді, онда оның сапасы талданады. Содан кейін өнім үлгілері сату залына орналастырылады, онда брокерлер өнімді көзбен көріп, бағасын ұсына алады. Бұл механизм әділ баға белгілеуге жағдай жасайды, бұл әсіресе шағын және орта фермерлер үшін өте маңызды.
ETS биржасы (Қазақстан) Конья биржасының серіктесі болып табылады, ол орта және шағын фермерлерге шағын партиялармен тиімді сауда жасауға мүмкіндік беретін түрік тәжірибесін енгізу процесін жеделдете алады. Конья тәжірибесіне негізделген биржалар арқылы сауданы ұйымдастыру фермер үшін сауда нарығына жол ашады, өнімнің әділ бағасын қамтамасыз етеді және ауыл шаруашылығын дамыту үшін тұрақты негіз бола алады.