Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Павлодар облысына сапары аясында өңір диқаншыларының жобаларымен танысып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және көктемгі егістік жұмыстарының атқарылуына қатысты мәселелерді талқылады.
Шаруалармен өткен кездесуге «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ тарапынан Басқарушы директор Сағат Төлеу қатысты. Ол Корпорацияның көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мәселелеріне жетекшілік етеді. Павлодар, Успен және Тереңкөл ауданының шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесу аясында көктемгі егіс жұмыстарының өтуіне қатысты мәселелер талқыланды. Сағат Төлеу корпорацияның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі бағдарламалары туралы айтып, фермерлерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ, ол форвардтық сатып алу және тауарлық несие бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етіп, өңір диқандарынан форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысуға жалпы сомасы 740 млн теңгеге 11 өтінім түскенін хабарлады. Барлық өтінімдер өңделді және фермерлер төлемдеріне қол жеткізді.