«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басшылығы жыл сайынғы халықаралық астық конференциясы Eurasian Agricom – 2026 шарасына қатысты.
Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ішкі астық нарығын реттеудегі рөліне тоқталып, 2026-2027 маркетинг маусымындағы жағдайдың даму барысына қатысты өз көзқарасымен бөлісті.
Ол биыл астық дақылдарын форвардтық бағдарлама бойынша сатып алу бағалары әділ деңгейде белгіленгенін және аграршылардың күтулеріне сәйкес келетінін атап өтті.
«Жаңа өнім түсетін кезеңде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға ұмтылады, ал астық тапшылығы туындап, бағалар өскен жағдайда қайта өңдеушілер мен құс фабрикаларын неғұрлым қолжетімді бағамен ресурстармен қамтамасыз етуге тырысады. Бұл – ұлттық астық операторының негізгі функцияларының бірі», – деп қосты Асылхан Джувашев.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауы салаға әрбір аграрлық маусымның сын-қатерлерін еңсеруге мүмкіндік береді. Биыл жиналған астық ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге және экспорттың орташа жылдық көлемін сақтауға жеткілікті болады. Қолда бар қорлар мен нарықтағы астық ұсынысын ескере отырып, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы әзірге қосымша интервенциялық сатып алуды қажет деп санамайды.
Талқылау барысында конференцияға қатысушылар Азық-түлік келісімшарт корпорациясы операторы болып табылатын көліктік субсидиялар тақырыбын да қозғады. Бұған дейін Үкімет жаңа аграрлық маусымда астық өнімдерін экспорттаушыларды қолдау шараларын ұзарту туралы жариялаған болатын.
Корпорация басшысының айтуынша, өткен жылы сатып алу саясатының, астық жөнелтушілердің көліктік шығындарын өтеудің, сондай-ақ «Қазақстан Темір Жолы» теміржол операторы тарапынан көрсетілген қолдаудың үйлесуі қазақстандық бидай экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстан жаңа өткізу нарықтарына, оның ішінде алыс бағыттарға шыға алды және сонымен қатар дәстүрлі бағыттар бойынша жеткізілім көлемін арттырды.
Баға конъюнктурасына қатысты күтулер бойынша сектор өкілдерінің болжамдары бір жерден шықты.
«Қазіргі уақытта ішкі нарықта, мысалы, 2022 жылдағыдай бағаның күрт ауытқуы байқалмайды. Маусымның өтуіне қарай астық бағасының аздап өсуі мүмкін», – деп болжады Асылхан Джувашев.
Қазақстанның Астық одағында да осындай ұстанымда.
«Бағаның айтарлықтай өсуін де, төмендеуін де күтпейміз. Біздің ойымызша, ішкі нарықта астық құны біртіндеп өсуі мүмкін», – деді Қазақстан Астық одағының Сауда комитетінің басшысы Александр Малов.
Eurasian Agricom алаңында «Қытаймен сауданы дамыту және астық инфрақұрылымына инвестициялар тарту» атты арнайы сессия да өтті. Оған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Сағат Төлеу қатысты. Ол қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер қол жеткізе алған Қазақстан-Қытай цифрлық сауда платформасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Қазіргі
Қазіргі уақытта платформада 40-тан астам қазақстандық компания тіркелген. Қытай тарапынан платформа 50 мыңнан астам компанияны біріктіреді, бұл отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға импорттаушылармен және түпкілікті тұтынушылармен тікелей келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық қатысушылар үшін сауда платформасында тіркелу тегін.
Сағат Төлеудің түсіндіруінше, экспорттаушылар тауар лоттарын орналастырып, сатып алушылармен жеткізудің әр түрлі шарттарын, соның ішінде FCA және DAP шарттарын келісе алады. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін екі тараптың да лот құнының 10%-ына дейін кепілдік жарналар енгізуі көзделген. Егер тараптардың бірі мәмілені орындаудан бас тартса, оның жарнасы контрагентке беріледі.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мәмілелер жасасу кезінде қолданылатын құқықты таңдау мүмкіндігін де пысықтап жатыр. Қазіргі уақытта платформадағы операциялар Қытай құқығымен реттеледі. Қазақстандық қатысушылар үшін мүмкіндіктердің кеңеюі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға өткізу нарықтарының бірі болып табылатын басым нарықтағы сатып алушылармен неғұрлым сенімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

