Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы қазақстандық жасымық экспорты саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін «Armada Gıda» түрік компаниясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Түрік делегациясының Қазақстанға сапары барысында қазақстандық жасымықты түрік нарығына жеткізу мәселелері, сондай-ақ Қостанай облысында жасымық өңдеу зауытын салу жоспарлары талқыланды. «Armada Gıda» компаниясы Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді.
Азық-түлік корпорациясы түрік серіктестеріне жасымықтың экспорттық партияларын шоғырландыру тетіктерін және форвардтық сатып алу шеңберінде қаржылық қолдауды қоса алғанда, экспорттық схемаларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар берді. Тараптар сондай-ақ көлік логистикасы және өнімді түрік нарығына жеткізудің оңтайлы жолдарын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Кездесудің нәтижесі бойынша Қазақстан мен Түркия тараптары дәнді-бұршақты дақылдар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Бірлескен жобаларды іске асыру қазақстандық өнім экспортының көлемін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы секторында жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.