2025 жылдың басынан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарықта және экспортқа 850 мың тоннадан астам астық өткізді. Қостанай облысындағы «Астық» халықаралық астық конференциясында компанияның басқарушы директоры Тобылбек Омаров өз сөзінде осындай мәліметтерді жариялады.
Іс-шара негізгі астық өндіретін өңірлердің, мемлекеттік сектордың агробизнес өкілдерін, импорттаушылар мен астық жөнелтушілерді, логистерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізушілерді бір алаңда біріктірді. Егін жинау науқаны қарсаңында қатысушылар өткен маусымның қорытындыларын талқылады, астық нарығы мен жалпы аграрлық сектордың даму перспективалары туралы тәжірибе және пікір алмасты.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Тобылбек Омаров құттықтау сөзінде аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруда және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Ол компания қызметінің нәтижелеріне ерекше назар аударды.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы құрылған күннен бастап ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асырады және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетеді. Тек 2025 жылдың басынан бастап компания 350 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды сатып алуды форвардтық қаржыландыру шеңберінде аграршыларға шамамен 18 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, Қостанай облысының фермерлерімен 105 мың тонна агроөнімді жеткізгені үшін 5,4 млрд теңге алдын ала төлем сомасына 121 келісім жасалды», – деп атап өтті ол.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау шараларын көрсетумен қатар экспорттық әлеуетті дәйекті түрде дамытуда. Жаңа сауда серіктестерін іздеу және перспективалы өткізу нарықтарын игеру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында корпорация 850 мың тоннадан астам астық өткізді. Осы көлемнің 200 мың тоннадан астамы шетелдік нарықтарға жөнелтілді, бұл 2024 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткіштерінен екі есе артық. Экспорттық жеткізілім географиясы стратегиялық маңызды бағыттарды қамтиды. Компанияның негізгі серіктестері – Қытай, Иран, Тәжікстан және Қырғызстанның мемлекеттік құрылымдары», – деп қосты Тобылбек Омаров.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы функцияларының бірі ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру болғандықтан, астықтың едәуір көлемі – шамамен 650 мың тонна – ұн тарту, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы кәсіпорындары мен АӨК саласының басқа да субъектілеріне сатылды.
Соңында басқарушы директор аграрлық секторды жүйелі мемлекеттік қолдау өндірістің өсуіне, қазақстандық АӨК тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыру, экспорттаушылар мен астық өндірушілердің көлік шығындарының бір бөлігін өтеу сияқты тетіктерді енгізу жаһандық нарықтарға неғұрлым тиімді шығуды қамтамасыз етуге және Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді жеткізуші ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

