Азық-түлік келісімшарт корпорациясы элеваторлардың жаңа өнім жинауға барынша дайын болуын қамтамасыз ету үшін астық жөнелтуді жалғастыруда. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары елдің басты астық өндірушілері ретінде ұлттық оператордың назарында.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының аграрлық аудандарына барып, инфрақұрылымның 2025 жылғы астықты қабылдауға дайындығын көріп қайтты.
Корпорация басшысы астықты сақтау шарттары жасалған элеваторлық кешендердің жұмысын тексерді, сондай-ақ астық қоймалары мен логистикалық схемалардың техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Сондай-ақ Асылхан Джувашев астық егетін негізгі облыстардың шаруаларымен кездесті. Жиынға қатысушылар егін жинау науқанының барысын, жаңа егіннің сапасын және астықты сату перспективаларын талқылады.
«Біздің бүгінгі басты міндетіміз – егінді үздіксіз қабылдау мен сақтауды қамтамасыз ету. Бұл процесте өрістен бастап элеваторға дейінгі бүкіл тізбектің үйлесімді жұмысы маңызды», – деп атап өтті ол.
Өңірлерде егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қостанай облысында азық-түлік корпорациясында 2,7 млн тонна астықты қабылдау және орналастыру үшін лицензияланған элеваторлармен шарттар жасалды.
Ұлттық оператор жұмыс істейтін Солтүстік Қазақстан облысы қоймаларының жалпы сыйымдылығы 2,2 млн тоннаны құрайды. Биылдың басында ұлттық операторда 1,7 млн тоннадан астам бидай мен арпа болған. Шетелдік сатып алушылар арасында ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс пен жақсы сатылымның арқасында қоймадағы астық саны екі есеге азайды.
Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың тамызына дейін Азық-түлік корпорациясы 1,2 млн тонна астық жөнелтті. Бұл көлемнің басым бөлігі, яғни 820,7 мың тоннасы экспортқа жіберілді. Астықты шетелдік сатып алушыларға одан әрі жөнелту үшін корпорация өнімін сатып алған трейдерлер айтарлықтай экспорттық жөнелтілімдерді қамтамасыз етті. Ішкі тұтынушылар – ұн тарту кәсіпорындары, құс фабрикалары, мал шаруашылығы кешендері тағы 400 мың тоннаға жуық астық сатып алды.
Соңғы үш жылда егін жинау маусымы қарсаңында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының астық қоры ең төменгі қажеттілікке дейін тұрақты түрде азайып келеді. Тамыз және қыркүйек айларында бұрын жасалған келісімшарттар бойынша бидайды белсенді жөнелту жалғасуда.
«Ағымдағы ауыл шаруашылығы маусымында компания элеваторлық қуаттарды барынша босатып, астықтың тарихи жоғары көлемін сатты. Келісімшарттар бойынша жөнелтулер күн сайын жүргізіледі, астықты Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының қоймаларынан шығаруға басымдық беріледі», – деді Асылхан Джувашев.
Сондай-ақ ол биыл корпорацияның резервінде желімтегі 27% – дан жоғары hi-pro сұрпының астық мөлшері қалғанын атап өтті. Биылғы егін бидайының сапасы әлі толық анықталмағандықтан, жоғары ақуызды астық қорын сақтап отырған жөн.
«Төмен көрсеткіштері бар партияны алған жағдайда, hi-pro сұрпын қосу астықтың орташа сапасын теңестіруге және жаңа ауыл шаруашылығы маусымында азық – түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады корпорация басшысы.

