Қазақстанның Республика күні қарсаңында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының кеңсесінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Қатысушылар аграршыларды қолдау нәтижелерін, 2026 жылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу барысын, сондай-ақ ішкі нарыққа және экспортқа астық жеткізудің аралық қорытындылары мен алдағы жоспарларын талқылады.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Егор Каппель қатысушыларды алдағы ұлттық мерекемен құттықтады. Ол 1990 жылы қабылданған және Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын атап өтті.
«Содан бері еліміз үлкен жолдан өтіп, өзгерістерді жалғастырып келеді. Биыл маңызды оқиғалар болды: жаңа Конституция қабылданып, бір палаталы Құрылтай жұмысын бастады. Қазіргі өзгерістер мемлекеттік институттардан тиімдірек жұмыс істеуді талап етеді. Қоғамның да, әрқайсымыздың өз жұмыс орнымыздағы жауапкершілігіміз де артып келеді», – деді ол.
Осы ойды жалғастырған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев Қоғамдық кеңестің рөлін күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, тәуелсіз сарапшылар талқылайтын мәселелер компанияның ағымдағы қызметімен қатар, астық саласының стратегиялық міндеттерін де қамтуы тиіс.
«Диалогке жұртшылықты белсендірек тартып, агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық міндеттері мен өзекті мәселелерін Кеңестің қарауына шығару қажет», – деді корпорация басшысы.
Ол сондай-ақ Директорлар кеңесінің жаңарған құрамы ауқымды тақырыптарды бірлесіп көтеруге және туындаған мәселелердің шешімін іздеуге дайын екенін жеткізді.
Компанияның ағымдағы жұмыс нәтижелерін қатысушыларға бейінді бөлімшелердің басшылары таныстырды. Мәселен, 2026 жылғы форвардтық қаржыландыру аясында 173 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен 31,9 млрд теңгеге шарт жасалды. 23 қазандағы жағдай бойынша шаруашылықтар компания қорына 156,9 мың тонна астық жеткізді.
Астық өткізуге келсек, бүгінгі таңда ішкі нарыққа 409,5 мың тонна жеткізуге шарттар жасалған. Сатып алушылар қатарында ұн тарту кәсіпорындары, құс фабрикалары және жемшөп өндірушілер бар.
Экспортқа 276,7 мың тонна астық жөнелтуге шарттар жасалды. Негізгі бағыттар Ауғанстан, Қытай, Тәжікстан және Әзербайжан болды. Нарықтарды таңдағанда ұлттық астық операторы сұранысты, бағаны және тасымалдау құнын ескереді. Логистика қымбат болған жағдайда экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттарға басымдық беріледі.
Астықтың едәуір бөлігі биржалық сауда арқылы өткізіледі. Бұл тетік сауданың ашықтығын арттырып, сатып алушылардың қатысу мүмкіндігін кеңейтеді және бәсекелестікті қолдайды.
Отырыс қорытындысын шығарған Қоғамдық кеңес төрағасы Егор Каппель Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ұйымдасқан астық нарығын қалыптастыруға, ел ішіндегі және шетелдегі сатып алушылармен жүйелі жұмыс орнатуға қосқан үлесін атап өтті.
Соңында қатысушылар Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жарғысына енгізілетін өзгерістер жобасын қарады. Ұсынылған түзетулер ұлттық астық нарығы операторының функцияларын нақтылайды және компанияның элеваторлар салу мен жаңғырту жөніндегі инвестициялық жобаларға қатысуын көздейді.

