Фермерлік шаруашылықтар жаңа өнімнен 135 мың тонна астықты Азық-түлік келесімшарт корпорациясының ресурстарына өткізді. Бұл 2026 жылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша келісімшарт жасалған жалпы көлемнің үштен бір бөлігіне жуық.
Негізгі жеткізушілер үш астық егетін өңір болды. 19 қазанға дейін Қостанай облысының аграршылары 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысының аграршылары – 42,9 мың тонна, Ақмола облысының аграршылары – 10,8 мың тонна астық жөнелтті.
Жеткізілімдерде үшінші сынып бидай басым, оның үлесі 89% құрайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірушілері мемлекеттік қорларға төртінші, бесінші сынып бидай мен арпа тапсыруда.
Биыл ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 31,9 млрд теңге бағыттады. Бағдарлама фермерлерге көктемгі дала жұмыстарына қаражатты уақытылы алуға және болашақ өнімнің бір бөлігін өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күзде шаруа қожалықтары алынған қаржы есебінен астық және майлы дақылдарды жеткізеді.
Қыркүйектің соңында Үкімет 2026 жылғы астық өнімін сатып алу бағаларын белгіледі. Форвардтық келісімшарттардың талаптары бойынша мемлекеттік қорларға бидай мен арпаны жеткізу 2026 жылғы 1 қарашадан кешіктірілмей аяқталуы тиіс.
Форвардтық келісімшарттар бойынша сатып алынған астық резервтік қорды жаңартуға және жем-шөп қорын толықтыруға жұмсалады. Бұл резервтер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
«Азық-түлік келісімшарт корпорация» ҰК» АҚ басқарушы директоры Сағат Төлеудің айтуынша, қорларды қалыптастыру кезінде ұн тарту, мал шаруашылығы кәсіпорындары мен құс фабрикаларының шикізатқа деген қажеттіліктері ескеріледі.
«Мемлекеттік астық қоры АӨК секторындағы әр түрлі кәсіпорындардың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Ұн тартушыларға азықтық бидай қажет, ал мал өсірушілер мен құс фабрикаларында жемдік астық сұранысқа ие. Сондықтан форвардтық бағдарлама бойынша астық түсімінің теңдестірілген болуы маңызды, жоғары сапалы бидаймен қатар, қоймаларды толтыру үшін жемдік астық жеткізу де маңызды. Біз аграршылар келісімшарттарда көзделген көлемдер мен сапа көрсеткіштерін сақтай отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша өз міндеттемелерін уақытында орындайды деп есептейміз», – деп атап өтті ол.
2022 жылдан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарықты қолжетімді жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жем-шөп қорын қалыптастырады. Мал шаруашылығы кәсіпорындары мен құс фабрикалары қажетті шикізатты белгіленген бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болады, бұл ет пен басқа да өнімдерді өндіру шығындарын тежеуге көмектеседі.

