Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау үшін Қытай ұлттық астық сауда орталығының (China National Grain Trade Center) өкілдерімен кездесу өткізді. Олардың бірі астық өнімдерін сату үшін бірлескен Қытай-Қазақстан цифрлық платформасын құруға қатысты.
Қытайлық серіктестер қолданыстағы сауда платформасы негізінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер үшін бөлім құруды ұсынады.
Ең алдымен, қытайлық сатып алушы астықты, майлы дақылдарды, соның ішінде күнбағыс пен рапсты, өсімдік майын жеткізуге мүдделі. Болашақта тауарлар тізімі соя және басқа да сұранысқа ие агроөнімдер есебінен кеңейтілуі мүмкін.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Самат Теңбаевтың айтуынша, платформада сауда-саттықты түрлі форматта өткізуге болады: ашық аукциондар, шақыру бойынша сауда-саттық, уағдаластық бойынша және белгіленген баға бойынша мәмілелер. Мәміле шарттарының орындалуын қамтамасыз ету үшін Қытайда белсенді қолданылатын кепілдік жарна қарастырылған. Қатысушылар арасындағы қаржылық есептеулерді платформа арқылы онлайн жүргізу ұсынылады.
Өнімнің сапасын бақылауға ерекше назар аударылады.
Қытай ұлттық астық сауда орталығы бөлім басшысының орынбасары Чжао Цзэлин түсіндіргендей, сатып алу кезінде сатып алушының талаптары, сату кезінде сатушының мәліметтері негіз болады. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда шешімді екі елде де аккредиттелген тәуелсіз инспекциялық ұйым түпкілікті қабылдайды. Дауларды реттеу жүйесі де қарастырылған.
Бірінші кезеңде қатысушылар кедендік ресімдеуді дербес жүзеге асырады деп болжанады. Алдағы уақытта кедендік рәсімдерді жеңілдету және жеделдету үшін Қазақстан мен Қытайдың бейіндік қызметтерімен өзара іс-қимылды жолға қою жоспарлануда.
Сонымен қатар, тараптар сауда-саттыққа қатысушыларға агроөнім жеткізушілерін несиелеу мен қаржыландыруды қоса алғанда, қолдау құралдарын ұсыну мүмкіндігін қарастыруда.
Бейжіңдегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілі Айжан Жамалованың айтуынша, Қытай нарығын талдау және серіктестердің әлеуетін бағалау астық платформасына қатысу екі елдің агроөнімін жеткізушілер мен сатып алушылар үшін өзара тиімді мүмкіндіктер ашатынын көрсетті. Алаң ҚХР 50 мыңға жуық ауыл шаруашылығы кәсіпорнын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы онлайн-сауда форматында табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан үшін бұл отандық агроөнім экспортын кеңейтудің жаңа құралы бола алады.

