Шымкентте Қазақстан-Ауған іскерлік форумы аясында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Ислам Әмірлігінің сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизидің екіжақты кездесуі өтті. Іс-шараға мемлекеттік сектор, қаржы институттары мен бизнес өкілдері қатысты. Тараптар елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуын, атап айтқанда, Ауғанстанға астық өнімдерін жеткізуді кеңейту перспективаларын талқылады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев хабарлағандай, қыркүйек айында ұлттық астық операторы Гераттағы Қазақстанның Сауда үйінің қолдауымен қазақстандық және ауғандық кәсіпкерлер үшін келіссөздер ұйымдастырды. Кездесу қорытындысы бойынша 100 млн доллардан астам сомаға келісімдер жасалды. Бүгінде қазақстандық экспорттаушылар жасалған келісімшарттар шеңберінде Ауғанстанға 50 мың тонна астық жөнелтті.
Қазақстандағы астық өнімі бойынша әсерлі деректерді ескере отырып, ауған нарығына астық жеткізуді ұлғайту үшін барлық алғышарттар бар. Бұл үдерісте биыл пилоттық партияларды жөнелтуді бастаған Маңғыстау облысындағы Бейнеу астық терминалы ерекше рөл атқара алады. 2026 жылы терминалда ауыстырып ауыстырып тиеу көлемі, оның ішінде Ауғанстан бағытында да арта түседі.
Ауған тарапы бидайды ғана емес, жылына 1 млн тоннаға жуық жүгері сатып алуға дайын екендігін білдірді. Дәстүр бойынша Қазақстан Ауғанстанға жыл сайын 1,5-2 млн тонна астық пен ұн жеткізеді. Негізгі көлік бағыты Өзбекстан арқылы өтеді, бұл ретте тараптар Түрікменстан арқылы баламалы транзитті кеңейтуді қарастыруда, бұл жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Агроэкспортты дамыту үшін астық жөнелтушілерді қолдаудың мемлекеттік шаралары қосымша ынталандыру болады. Экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу бағдарламасының қолданысын ұзарту жоспарлануда, бұл отандық агроөндірушілердің ауған нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

