Азық-түлік келісімшарт корпорациясы және Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Сауда өкілдігі Астанада өткен KazAgro/KazFarm-2025 салалық көрмесі аясында ирандық бизнестің қатысуымен келіссөздер жүргізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру, сондай-ақ ирандық аграрлық компаниялар мен ұлттық астық операторы арасындағы тікелей өзара іс-қимыл мүмкіндігін талқылау болды. Атап айтқанда, тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және жеткізу саласындағы кооперацияның перспективаларын қарастырды. Логистика және азық-түлік шикізатын сақтау саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан келіссөздерге Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов және басқарушы директор Рустам Жанатаев қатысты.

Screenshot
Иранның іскер топтарын астық, көкөніс пен жеміс-жидек, құрама жем, тұқым және ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін аграрлық сектордың 30 компаниясы таныстырды. Кәсіпкерлер дәнді (бидай, жүгері) және майлы дақылдарды сатып алуға және астықты сақтау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
Кездесуге қатысушылар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру үшін одан әрі ақпарат алмасу туралы келісті.
Естеріңізге сала кетейік, Иран қазақстандық бидай мен арпаның дәстүрлі сатып алушысы болып табылады. 2024-2025 маркетинг жылы Қазақстан Иран нарығына шамамен 1 млн тонна астық экспорттады, бұл өткен маусымның көрсеткіштерінен 17 есе артық.

