Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен әзірбайжандық NB Holding бірлескен бақыланатын кәсіпорын – Баку астық терминалын (БАТ) одан әрі дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Тараптар оның қызметін кеңейту үшін күш біріктіруге уағдаласты.
Серіктестермен кездесу Азық-түлік келісімшарт корпорациясының Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев пен төрағаның бірінші орынбасары Ильдар Исмагуловтың Әзірбайжанға жұмыс сапары аясында өтті. Олар Баку астық терминалында болып, кәсіпорын басшылығымен бірлесіп оның қызметін жандандыру жөніндегі қадамдарды талқылады.

Басым міндеттердің қатарында – терминалға астықты тұрақты жеткізумен қамтамасыз ету, ауыстырып тиеу мен қайта өңдеуді ұлғайту, сондай-ақ өткізу нарығын кеңейту. Тараптар кәсіпорынның Әзірбайжанның мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндігіне және ірі корпоративтік сатып алушыларды тартуға ерекше назар аударды.

Баку астық терминалы Говсан теңіз портында орналасқан және ұлттық оператордың компаниялар тобына кіреді. Кәсіпорынның өз диірмен кешені бар, онда қазақстандық бидай өңделеді. Диірмен кешенінде Әзірбайжан тұтынушыларына жақсы таныс «Bayterek» брендімен жоғары, бірінші және екінші сортты ұн өндіріледі. Бүгінде БАТ өнімдері Әзірбайжанның 24 ауданына жеткізіледі.

Асылхан Джувашев атап өткендей, Баку астық терминалының дамуы Әзірбайжан арқылы өтетін көлік маршруттарын кеңейту аясында Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр, бұл экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Баку астық терминалы жылына 400 мың тоннаға дейін астық тасымалдауға, 15 мың тонна астықты сақтауға және тәулігіне 150 тоннаға дейін ұн шығаруға қабілетті. Кәсіпорын заманауи жабдықтпен жарақталған және тәулік бойы жұмыс істейді.


