«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Ұлттық астық операторы, Астанада Қазақстан мен Эстония Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен қазақстан-эстондық іскерлік форумы аясында Солтүстік көлік дәлізін дамыту туралы Таллинн теңіз портымен меморандум жасасты. Келісім Қазақстан мен Эстония арасындағы логистикалық инфрақұрылымды нығайтуға және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
Меморандум қазақстандық астық пен майлы дақылдарды Таллинн порты арқылы Еуропа және Африка елдеріне экспорттау үшін көлік бағытын дамытуды көздейді, сондай-ақ Мууга терең сулы портының инфрақұрылымы тартылатын болады. Тараптар Нарва – Ивангород шекаралық өткеліне дейінгі теміржол тасымалдарын бірлесіп үйлестіруге және терминалдық және порттық қызметтерге тіркелген тарифтермен бәсекеге қабілетті жеткізу арнасын құруға келісті.
Меморандумға Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тарапынан басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаев қол қойды.
Қазіргі уақытта ұлттық оператор Алжир сатып алушылары үшін эстон порттары арқылы астық жөнелтуді жалғастыруда, жалпы көлемі 86 мың тонна қазақстандық бидай экспортталды.
Форум барысында ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрландыру, өнеркәсіп және басқа да салалардағы қазақстан-эстон серіктестігін кеңейту перспективалары талқыланды.

