Азық-түлік келісімшарт корпорациясы БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшыларымен бірлесіп, 2025 жылғы 17-18 желтоқсан аралығында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізеді. Фермерлерге «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты жүйесін ілгерілету және Солтүстік Қазақстан ландшафтының экожүйелерін сақтау» бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді форвардтық қаржыландыру шарттары туралы айтылады. Жоба өнімділікті арттыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және аванс беру механизмі арқылы фермерлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Бағдарламаның негізгі екі бағытының бірі бұршақ дақылдарын, атап айтқанда қызыл жасымық өндірісін қаржыландыру болмақ. Жобаға қатысушылар ауыспалы егіс бойынша талаптарды сақтауы, заманауи агротехнологияларды қолдануы және ғылыми ұйымдардың ұсынымдарын орындауы тиіс. Фермерлер Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен болашақ егінді сату үшін үш жылдық келісімшарттар жасасады деп болжануда, бұл оларға тұрақты қаржыландыруды алуға, инвестицияларының болжамдылығын арттыруға және өндірістік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілері кешенді ғылыми және консультациялық қолдау алады. Жобаны іске асыру барысында сарапшылар ауыспалы егіс пен топырақты талдаудың алдын ала жоспарларын әзірлеу кезінде шаруашылықтарды сүйемелдейді, дәнді-бұршақты дақылдардың индикативті өнімділігін айқындайды, агротехнологиялардың сақталуына ұдайы консультация беріп, бақылап отырады, сондай-ақ әлеуметтік және экологиялық тәуекелдерді бағалайды.
Жобаның басында және соңында топырақтың қарашірігі мен қышқылдығын өлшеу қарастырылған. Жылына екі рет мамандар өнімді ылғалдың деңгейін және қоректік заттардың болуын анықтайды, бұл өзгерістер серпінін бақылауға және қажет болған жағдайда қолданылатын агротехнологияларды түзетуге мүмкіндік береді.
Бұл тәсіл солтүстік аймақтардың экожүйелерін сақтауға ықпал етеді және сонымен бірге фермерлерді жаңа дақылдарға көшуге, егіс алқаптарын әртараптандыруға ынталандырады.
Кездесулерге Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өңірлік бөлімшелерінің, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының, сондай-ақ фермерлік шаруашылықтардың өкілдері қатысады.
Жоба және қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады:
- жоба менеджері – Нұржан Адамбек, тел.+7 701 794 3038
- қаржы талдаушысы – Евниев Биржан, тел.+7 702 220 0595
- ғылыми ұйымның өкілі, БҰҰДБ консультанты – Ирмулатов Бақыт, тел.+7 777 644 3011.
Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілдік:
Петропавл қаласы, Партизанская көшесі, 160, тел. (8-715-2) 55-11-60, 42-22-66.
Ақмола облысындағы өкілдік:
Көкшетау қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 19, тел. (8-716-2) 55-11-51, 55-11-54, 42-25-22.

