БАӘ-дегі ең ірі Gulfood 2026 көрмесінің алаңында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазақстандық астық саласының экспорттық әлеуетін ұсынды. Отандық компаниялардың қатысуы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өтті.

Жаһандық форум аясында AfaqAl Waha, North Wind Trading Services SPC, Nexgen Trading LLC компанияларымен өзара іс-қимыл туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен тараптар Қазақстаннан Парсы шығанағы елдеріне егін шаруашылығы өнімдерін жеткізуді дамыту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Almukarramah компаниясының жасанды интеллект негізіндегі азық-түлік және агросауда платформасын әзірлеушімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Платформа фермерлерді, сатып алушылар мен сатушыларды, төлем қызметтерін, логистиканы және мемлекеттік органдарды байланыстыра отырып, агротехнологияны, азық-түлік технологияларын, қаржы технологияларын және логистиканы біртұтас жүйеге біріктіреді. Ұлттық астық операторы сауда ағындары мен нарықтық талдау деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін T57 цифрлық алаңының корпоративтік абоненті болады деп болжануда. Платформаның көмегімен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы тексерілген контрагенттермен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болады.
Almukarramah өкілдері атап өткендей, Қазақстанның ұлттық астық операторының қосылуы Орталық Азиядағы экожүйені кеңейтуге мүмкіндік береді және жаһандық азық-түлік саудасының бірыңғай арнасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Өз кезегінде, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы T57-мен ынтымақтастықты отандық агроөнімдерді халықаралық сауда тізбектеріне интеграциялаудың перспективалық бағыты ретінде қарастырады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, Таяу Шығыс өңірі елдерінің компаниялары сапалы астыққа деген жоғары сұранысты және жеткізу көздерін әртараптандыруға деген ұмтылысты растай отырып, қазақстандық азық-түлікке белсенді қызығушылық танытуда.
«Біз Парсы шығанағы елдерінің қазақстандық агроөнімге деген тұрақты қызығушылығын көріп отырмыз. Болашақта экономикалық тиімді жеткізілімдерді қамтамасыз ету үшін логистика мен экспорттық бағыттарды пысықтауымыз керек. Біздің әлеуетті серіктестерімізде сатып алуға және сатуға деген ұмтылыс бар», – деп мәлімдеді корпорация басшысы.
Ауқымды іс-шараға қатысу агроэкспорт географиясын кеңейту жөніндегі ұлттық астық операторының жұмысының жалғасы болды. Көрме алаңында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы халықаралық серіктестермен бірқатар кездесулер өткізді. Сингапурдың талдау агенттігімен ақпарат алмасу туралы келісімге қол жеткізілді. 2025 жылы корпорация қазақстандық астық жөнелтушілерге Оңтүстік-Шығыс Азия бағытында бағдар ашып, Вьетнамға бидай жөнелтті және осы сыйымды нарыққа экспортты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, ынтымақтастықты дамытуға мүдделі және қазақстандық астық компанияларының астық хабын құруға қатысуын қарастыратын Оманның мемлекеттік корпорациясы – Oman Food Investment Holding Company (OFIHC) компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
Сондай-ақ, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшылығы Мысыр азық-түлік сатып алу жөніндегі мемлекеттік агенттігінің (GASC) өкілдерімен кездесті. Тараптар агроөнімдерді бірлесіп жеткізу перспективаларын талқылап, болашақта өзара іс-қимылды нығайтуға ниет білдірді.


