ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бастаған қазақстандық агроөндірушілер делегациясы Эстония мен Финляндияға жұмыс сапарымен келді. Бірінші кезекте АӨК секторының өкілдерін агроөнім экспортын кеңейту және Еуропа нарығына баламалы шығуды қалыптастыру мүмкіндіктері қызықтырды.
Сапар аясында Силламяэ теңіз порты мен Таллин портының басшылығымен келіссөздер жүргізілді, оған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қатысты. Тараптар Балтық елдері арқылы қазақстандық астық пен майлы дақылдардың транзиті мен ауыстырып тиелуін ұлғайту мүмкіндіктерін, сондай-ақ жеткізу көлемін арттыру және еуропалық импорттаушылармен келісімшарттар жасасу перспективаларын талқылады.
Балтық бағыты экспорттық логистиканы әртараптандырудың маңызды бағдары ретінде қарастырылады. 2025 жылғы қарашада Эстония президентінің Астанаға сапары барысында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мен Таллин порты алдағы екі жыл ішінде 2 млн тоннаға дейін астық пен майлы дақылдарды жеткізуді көздейтін Солтүстік көлік дәлізін дамыту туралы келісім жасасты. Келісімдерді практикалық іске асыру қазірдің өзінде басталды. Ағымдағы маусымда ұлттық астық операторы Балтық және Қара теңіз порттары арқылы 205 мың тонна бидай жөнелтті, оның 70 мың тоннасы Силламяэ теңіз порты арқылы қайта бағытталды.

«Балтық бағыты қазақстандық өнімнің Еуропалық одақ елдеріне және басқа да алыс нарықтарға шығуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Аймақ географиялық жағынан ыңғайлы орналасқан және дамыған порт инфрақұрылымына ие, ол агроөнеркәсіп өнімдерін тарату және қайта экспорттау орталығы бола алады. Біздің міндетіміз – тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету және алыс нарықтарда қазақстандық астықтың болуын кеңейту», – деп атап өтті Асылхан Джувашев.
Балтық бағдарын дамыту Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда-экономикалық өзара қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді.
Сондай-ақ, қазақстандық ауыл шаруашылығы секторының өкілдері эстондық және скандинавиялық агротрейдерлермен кездесулер өткізді. Келіссөздер әріптестік байланыстарды кеңейтуге, жаңа келісімшарттарды қалыптастыруға және қазақстандық өнімнің әлемдік агроазық-түлік нарықтарындағы позицияларын нығайтуға бағытталған.

